II ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ҒАЛЫМДАР КОНГРЕСІ ӨТТІ
Оқу орнымыздың делегациясы Қазақстан жас ғалымдарының II Халықаралық конгресіне қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен, ЮНЕСКО-ның «Сенім, өзгерістер және ертеңгі күн: 2050 жылға қажет ғылым» тақырыбына арналып өткізілді.
Пленарлық форум «Ғылым ордасында» ұйымдастырылса, секциялық мәжілістер мен мастер-кластар қаланың бес жетекші жоғары оқу орнында өтті. Конгреске 1 000-нан астам жас зерттеуші, 26 елден келген 80-нен астам шетелдік ғалымдар, академиктер, ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.
Шараға қатысушылар қатарында оқу орнымыздың да ғалымдары бар. Атап айтар болсақ, Жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Шахзода Турсунходжаева, Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі, PhD, қауымдастырылған профессор Бағлан Ермаханов, Халықаралық қатынастар кафедрасының PhD, аға оқытушылары Шенел Гуледже мен Рүштү Кая қатысты. Университетіміздің жас ғалымдарын оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова бастап барды.
Конгресс қатысушыларына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құттықтау жолдап, мемлекет саясатының басты басымдығы – ғылым екенін атап өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жас ғалымдарды қолдау шаралары кеңейіп жатқанын, соның ішінде қаржыландырудың артуы, тағылымдамалар бағдарламалары мен әлеуметтік қолдаудың күшеюі жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ еліміздегі зерттеушілердің жартысына жуығын 40 жасқа дейінгі ғалымдар құрайтынын, ал Конгресс жастар ғылымын дамытудағы маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Пленарлық сессияда шетелдік және отандық ғалымдар ғылымның болашағы және жаһандық трансформациялардағы жастардың рөлі туралы пікірлерін бөлісті. Қазақстандық ғалымдар ғылыми инфрақұрылымды нығайтудың, зерттеу мектептерін дамытудың, құрал-жабдықтарға қолжетімділікті кеңейтудің және ғылыми диаспораны тарту мен қайтарудың өзектілігін атап өтті.
Конгресс секциялары заманауи ғылымның негізгі бағыттарын қамтыды: жаратылыстану ғылымдары, ғарыш, жасанды интеллект, агробиоресурстар, биомедицина, экология, білім беру және қоғамдық даму. Сонымен қатар мастер-кластар, воркшоптар, грант және жарияланымдар бойынша кеңестер, жас ғалымдардың инновациялық жобаларының көрмесі өтті.
Жиын қорытындысы бойынша жас ғалымдар Президент жариялаған ғылымды дамыту бағытын қолдап, «Ғылым жастары» тұжырымдамасын іске асырудың маңызын атап өтті, ҚР ҰҒА әзірлеген ҒТТ-ны ғылыми қаржыландыру конкурстарының негізіне айналдыруды, PhD даярлау жүйесін жетілдіруді, құрал-жабдыққа қолжетімділікті кеңейтуді және пәнаралық зерттеулерді дамытуды ұсынды.