ЯСАУИ АПТАЛЫҒЫНЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТЫ ӨТТІ

  • 26.03.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен дәстүрлі Ясауи апталығының ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның мақсаты – Ясауи тұлғасын таныту, мұрасын дәріптеу, хикметтердің тәрбиелік мәнін ұғындыру. Сондай-ақ, «Ясауитану» пәнін оқыту мәселесін қарастыру.

Апталықты ашып беру үшін алғашқы сөз тізгінін алған университет ректоры Жанар Темірбекова:

«Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетіміз үшін маңызды іс-шаралар тізбегі басталды. Бұл апталықтың ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілік пен міндет. Университет құрылған уақыттан бастап, осы міндетті орындап, қаншалықты маңызды екенін университетте ғана емес, республика деңгейінде көрсетіп, аса назар аударып жүрген ғалымдарымызға ерекше алғыс айтамыз. Оқу ордамыздағы Ясауи ғылыми-зерттеу институты мен аталған апталықта белсенділік танытқан елімізге танымал Ясауитанушы, Ясауи мұрасымен көбі енді танысып жатқанда ол туралы кітаптар жазып, мақалалар сериясын жүргізген – Теология факультетінің деканы Досай Кенжетайға да ризашылығымызды білдіреміз.

Соңғы уақытта президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев Ясауи мұрасы мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, оның рухани мирасына байланысты бастамалар мен үлкен міндеттер беруде. Сондықтан, Ясауи университеті ретінде президенттің ұсынған бастамаларын алғашқы болып қолдайтын да, енгізетін де, таратушы да – біздер болуымыз керек. Ол қатарда студенттеріміз бен ғалымдарымыз, жалпы Түркістан өңірінің зиялы қауым өкілдері де бар»,-деді.

Ал, ректор өкілі Пейами Баттал баршаны Ясауи апталығының ашылуымен құттықтады. Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімі мен хикметтері, өзге де еңбектері жөнінде ақпараттармен бөлісті. Ясауи есімінің түркі жұрты үшін қаншалықты қасиетті екенін тереңінен түсіндірді.

Келесі кезекте, Түркология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Шәкір Ибраев пен Теология факультетінің деканы Досай Кенжетай арнайы баяндамаларын оқыды.

Айта кетейік, Ясауи апталығы аясында алдағы күндері университет студенттері арасында Ясауи хикметтерін жатқа айту бойынша сайыс, семинарлар мен «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді.