❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ЗАҢ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

  • 26.12.2025
  • KZ
  • 47

image

Университетіміз бен ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ( бұдан әрі – Департамент) арасында өзара ынтымақтастық меморандумы түзілді. Құжатқа университет реткоры Жанар Темірбекова мен Департамент бастығының міндетін атқарушы Аян Ақбердиев  қол қойды.

Келісімнің  мақсаты – AI-Jan әлеуметтік бағыттағы цифрлық платформасын өңірлік деңгейде дамыту және Түркістан қаласының орта мектептері мен колледждеріне енгізу арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің, психологиялық қысымның, девиантты мінез-құлықтың және суицидтік тәуекелдердің алдын алу саласында Тараптардың өзара ынтымақтастығын қамтамасыз ету.

Басқосуда ректор Жанар Темірбекова университетіміздің кез келген мемлекеттік мекемелермен және ұйымдармен ашық, жүйелі әрі нәтижелі әріптестікке дайын екенін атап өтті.

Сондай-ақ университетте жаңа, сапалы және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыра алатын мықты әрі кәсіби команда қалыптасқанын ерекше жеткізді.

Тараптар алдағы уақытта жоба аясында бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға, тәжірибе алмасуға, әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсетуге уағдаласты.

Меморандум шеңберінде цифрлық шешімдерді енгізу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі.

Бұл әріптестік – балалардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға және өңірде тұрақты профилактикалық механизмдерді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Айта кетейік, AI-Jan жобасы университеттің Коммерцияландыру офисі тарапынан жүзеге асырылатын YASAWI STARTUP бағдарламасы аясында әзірленіп, бүгінде практикалық деңгейде енгізіліп отыр.

Жобаны іске асыруда Коммерцияландыру офисі толық кураторлық және әдістемелік сүйемелдеу жүргізіп, оның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.