УНИВЕРСИТЕТ ОҚЫТУШЫЛАРЫ МЕН ҒАЛЫМДАРЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА
Университетіміздің оқытушылары мен ғалымдары елімізде ұйымдастырылған бірқатар конкурстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ғылым мен білім саласында жетістіктерге жетті.
Атап айтқанда, екі оқытушымыз республика көлемінде ұйымдастырылған «2025 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсында жеңіске жетті.
Конкурстың басты мақсаты – оқытушы мамандығының беделін арттыру және олардың кәсіби дамуын ынталандыру.
Айта кетейік, аталған байқауға еліміздің 89 жоғары оқу орнынан 502 үміткер қатысып, нәтижесінде 37 жоғары оқу орнынан 150 оқытушы жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаз атанған Теология факультетінің PhD., доцент м.а., Философия кафедрасының меңгерушісі Мұхтар Исаев пен Филология факультетінің кафедра меңгерушісі, PhD., доцент Меруерт Ергеходжаевна «2025 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгісіне ие болды.
Сонымен қатар, ғалымдарымыз ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұйымдастырған ғылым саласындағы сыйлықтарға және мемлекеттік ғылыми стипендияларға үміткерлерді іріктеу конкурсында жеңімпаз атанды.
Бұлконкурсқа оқу ордамыздың оқытушы-профессорлар құрамынан 33 үміткер қатысты. Іріктеу нәтижесінде Биология кафедрасы профессорының м.а., техника ғылымдарының кандидаты Индира Аймбетова мен Еуразия ҒЗИ-ның аға ғылыми қызметкері, PhD Альбина Мұратбекова талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері атанды. Бұл – жас ғалымдардың жүйелі ғылыми ізденісі мен кәсіби еңбегінің жемісі. Бұл жетістік – жас ғалымдардың жүйелі ғылыми ізденісі мен кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі.
Ғылым мен білім саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген барша әріптестерімізді шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына толағай табыс тілейміз!