❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

IV YASAWI WINTER SCHOOL БАСТАЛДЫ

  • 12.01.2026
  • KZ
  • 28

image

Бүгін оқу ордамызда жылдағы дәстүрге сай оқытушы-профессорлар құрамы мен ғалымдардың кәсіби дамуына арналған айтулы жобалардың бірі – «IV Yasawi Winter School» жобасы басталды.

Аталған жобаның мақсаты – оқу орнымыздың оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен әкімшілік қызметкерлерінің ғылым, академия, халықаралық байланыстар және спорт салалары бойынша білімдері мен біліктіліктерін арттыру, ұжым арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік байланыстарды нығайту.

Жиынға вице-ректорлар мен департамент директорлары, құрылымдық бөлім басшылары, факультет декандары, ҒЗИ директорлары және кафедра меңгерушілері қатысты.

Қысқы мектептің алғашқы күні Ғылым және стратегиялық даму бағытына арналды.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова:
«Құрметті әріптестер, Қысқы мектептің ашылуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Айтулы бағдарлама аясында ұсынылатын барлық тақырыптар осында отырған баршамыз үшін пайдалы болады деп сенемін. Ғалымдарымыз бен спикерлер көтеретін мәселелер өз шешімін тауып, біз өз тарапымыздан қолдау білдірсек, бұл университетіміздің дамуына өз үлесін қосады деп сенемін! Қысқы мектеп жұмысына сәттілік тілейміз!»,-деді.

Келесі кезекте Қаржы және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу:
«Университетімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін, академиялық маңызға ие IV Қысқы мектептің ашылуына қош келдіңіздер! Қазіргі таңда жоғары оқу орындары дамыған ақпараттық-технологиялық заманда Жасанды интеллект пен цифрландыру сынды маңызды жүйелерге қадам басты. Біздің де стратегиялық жоспарымызда осы бағыттар көрініс тапқан. Сондықтан, осындай терең тақырыптарды көтеретін Қысқы мектеп ұйымдастырушыларына алғыс білдіремін!»,-деді.

Ал Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректоры Айнаш Ошибаева:
«Біздің Қысқы мектеп бағдарламасын дайындаудағы басты мақсатымыз – сіздер үшін пайдалы ақпарат беру болды.
Қысқы мектеп аясында халықаралық рейтингтерге ену үшін: Ғылыми және академиялық үстемдік стратегиялары, Халықаралық қатынастар стратегиясы, Коммерцияландыру, Цифрландыру мен жасанды интеллектті пайдалану стратегияларын қабылдап, тереңінен қарастырамыз деп шештік. Ендігі кезекте осы бастамаларды жоспарлы түрде жүзеге асыруға тиіспіз. Сондықтан, аталған мәселелерді ескере отырып, биылғы Қысқы мектеп бағдарламасын әзірледік. Алдағы күндері әр бағытқа жеке-жеке тоқталып, тың ақпараттар мен стратегиялар, жаңа индикаторлар ұсынамыз», – деді.

Сессия жұмысын Ғылым департаментінің директоры Хайрулла Масадиков бастады. Ол «Университеттің ғылыми әлеуеті және кадрлық ресурстар» тақырыбында баяндама оқыды.

Келесі кезекте Коммерцияландыру офисінің директоры Азат Исаков университеттің 2024–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасына сәйкес Коммерцияландыру стратегиясы мен 2025–2026 жылдарға арналған жол картасы жайлы кеңінен ақпарат берді.

Жиын соңында спикерлер мен қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасты.

Айта кетейік, Қысқы мектеп бағдарламасы 23 қаңтарға дейін жалғасады.