ҚЫСҚЫ МЕКТЕП: ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ ДАМУ КҮНІ ӨТТІ
Бүгін университетімізде Қысқы мектеп жобасы аясында Әлеуметтік-мәдени даму күні өтті.
Кездесу барысында университеттің 2024–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы мен жастар тәрбиесінің ұлттық және заманауи концепциясы кеңінен талқыланды.
Жиынның модераторы болған Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов: «Бүгінгі жиында біз тікелей өзіміздің жауапкершілік аймағымыз – студенттеріміздің тәрбиесі мен тәртібіне қатысты мәселелерді талқылаймыз. Біз жиі: «Студенттеріміздің тәрбиесіне төніп тұрған қауіп бар ма?»,- деп сұрақ қоямыз. Осы тұста біз қазіргі жастарға сыртқы ортадан келетін қауіп өте жоғары екенін мойындауға тиіспіз.
Лудомания, суицид, буллинг және түрлі тәртіп бұзушылықтар – бұл жай ғана статистика емес, бұл біздің қоғамның дерті. Сондықтан біз өз Даму бағдарламамызда осы қауіптерді нақты көрсетіп, олардың алдын алудың жолын бекітуіміз керек. Біз тек білім беріп қана қоймай, студенттерге қатысты маңызды мәселелерімізді көтеруіміз қажет»,-деді.
Еділ Төлегенов шара барысында университет дамуының стратегиялық бағыттарын таныстырып, әлеуметтік-мәдени орта қалыптастырудың маңызын атап өтті. Атап айтқанда, студенттерді көптілді біліммен қамту, түркітілдес елдер жастарының бір ортада шоғырлануы, дарынды жастарды ғылыми және шығармашылық ізденіске бейімдеу университеттің негізгі артықшылықтары екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, еріктілер қозғалысын дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және жастар саясатын жандандыру – университеттің басты мүмкіндіктері екенін айтты.
Жиында инфрақұрылымдық мәселелер де назардан тыс қалмады. Студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету бойынша нақты жоспарлар ұсынылды. 2029 жылға қарай студенттерді 100% жатын орынмен қамту, Эндаумент қорын дамыту арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу басты мақсат ретінде айқындалды.
Спикер академиялық үстемдікке қол жеткізу тек білім сапасымен шектелмей, студенттердің көшбасшылық қабілетін, шығармашылығын, денсаулығын және қоғамдық белсенділігін дамыту арқылы жүзеге асатынын жеткізді. Университетте шығармашылық клубтар санын арттыру, спорт секцияларына қатысатын студенттер үлесін көбейту, еріктілер қозғалысын дамыту сынды өзге де тың жоспарлар ұсынды.
Әлеуметтік-мәдени даму күні аясындағы бұл кездесу оқытушылар мен университет қызметкерлеріне оқу орданың даму бағыттарын терең түсінуге, өз кәсіби бастамаларын жүзеге асыруға және студенттердің тұлғалық дамуын қолдауда белсенді қатысуға мүмкіндік берді.