УНИВЕРСИТЕТ БАЗАСЫНДА ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫ МАМАНДАРЫНА АРНАЛҒАН КУРС ӨТТІ
Университетімізде Қызылорда және Түркістан облыстары Полиция департаменттерінің криминалист қызметкерлеріне арналған біліктілік арттыру курсы өз мәресіне жетті. Курсты сәтті аяқтаған тыңдаушыларға куәліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Аталған курс Шымкент қаласында, ЖООК медициналық білім беру факультетіне қарасты Қосымша және формальді емес білім беру офисінің ұйымдастыруымен 12–17 қаңтар аралығында өткізілді. 60 сағаттан тұрған «Тірі адамдарды қарап-тексеру және оларды медициналық куәландыру» тақырыбындағы біліктілік арттыру курсы құқық қорғау саласы мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыруды мақсат етті.
Салтанатты жиында тыңдаушыларға біліктілік арттыру курсының куәліктерін Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов табыстады.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Әділетті Қазақстанның идеологиялық тұғырнамасы. Тұжырымдама аясында құқық қорғау органдарымен тікелей байланыс жасап отырмыз. Университет басшылығы мен сала мамандары арасында меморанумдар бар. Үздіксіз білім беру институты барлық сала мамандарына, қажеттілігіне қарай әр түрлі курстар өткізеді. Себебі, тал бесіктен – жер бесікке дейін білім іздеу міндет. Бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Алған білімдеріңіз қызметте пайдасын тигізеді деген үміттемін»,- деді Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов.
Айта кетейік, Қызылорда облысынан келген 7 қызметкер мен Түркістан облысынан 15 қызметкерге біліктілік арттыру курсының куәлігі табысталды.
Жиында сөз алған Қызылорда облысы Полиция департаменті Жедел криминалистикалық басқармасы бастығының полиция полковнигі Адилби Жусупов: «Заман талабына сай, білімімізді жетілдіріп, курста оқиға орнында анықталған адамдардың түрлі дене жарақаттарын қарап тексеруге қатысты мол білім алдық. Құрметті әріптестер, куәлік құтты болсын! Университет ректоры Жанар Темірбековаға, Медицина және Заң факультетінің ұжымына алғысымызды білдіреміз!»,- деді.
Курс барысында тыңдаушылар тәжірибелік дағдыларын жетілдіріп, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Алынған білім мен тәжірибе олардың қызметінде тиімді қолданылатынына сенім мол.