«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» КОНЦЕПЦИЯСЫ АЯСЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін университетімізде «Заң мен тәртіп» концепциясы аясында құқық қорғау органдары студенттерімізбен кездесті.
Кездесудің мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын дамыту және құқықтық мәселелер бойынша қоғамның белсенділігін көтеру арқылы заңды әрі әділетті қоғам қалыптастыру.
Жиын барысында сөз алған Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов:
«Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастар тәрбиесі мен қоғамдық тәртіп мәселесіне ерекше тоқталды. Құрылтай барысында заң мен тәртіптің қоғамдағы маңызын айқын айтты.
Бүгінгі кездесуде қозғалып отырған өзекті тақырыптардың бірі – сыбайлас жемқорлық, атап айтқанда пара беру мен пара алудың қоғамға тигізер зияны. Жастар, сіздер – ертеңгі күннің білікті маманы, ел болашағысыздар. Алдағы уақытта диплом алып, еліміздің түрлі саласында, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарда қызмет атқарасыздар. Ел болашағының берік іргетасын қалайтын да өздеріңіз. Сондықтан әрқайсыңыз заңды құрметтеп, әділдік пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымға айналдыруларыңыз қажет», – деді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Эльнур Абдумавланов «Ішкі істер органдары қызметкерлеріне заңсыз сыйақы ұсынғаны үшін жауапкершілік» тақырыбында баяндама оқыды. Баяндамашы өз сөзінде кез келген заңсыз сыйақы ұсынудың Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы екенін атап өтті. Мұндай әрекеттер үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлеріне кеңінен тоқталды.
Кездесу барысында тақырыпқа байланысты сыбайлас жемқорлықтың салдары мен оның отбасы мен қоғамға тигізер кері әсерін көрсететін бейнеролик көрсетілді.
Келесі кезекте, Түркістан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрбол Мырзатаев «Полиция қызметкерлері арасында тәртіп пен заңдылық және сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі» тақырыбында ой қозғады. Спикер өз сөзінде полиция қызметкерлерінің қызметтік тәртібі мен заң талаптарын сақтау мәселесіне кеңінен тоқталып, ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, қызметтік этиканы сақтау, заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру және құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктерін түсіндірді.
Сонымен қатар, Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Асқаров «Ішкі істер органдарына үміткерлерді жұмысқа қабылдау туралы» тақырыбында баяндама оқыды.
Спикер ішкі істер органдарына кадрларды іріктеу процесінің ашық әрі әділ түрде жүзеге асырылатынын айтты. Жұмысқа қабылдау кезінде үміткерлердің кәсіби біліктілігі, моральдық-этикалық қасиеттері және заң талаптарына сәйкестігі басты талап екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, кандидаттарды таңдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, адалдық пен жауапкершілікті сақтау шараларын кеңінен түсіндірді.
Баяндаманың маңызды бөлігі ретінде студенттерге ішкі істер органдарында қызмет етуге үміткерлерге қойылатын талаптар мен болашақ мамандық жолындағы негізгі қағидалар туралы ақпарат берді.
Бүгінгі кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік берді. Кездесу студенттерге еліміздің құқықтық жүйесінің жұмыс істеу принциптерімен танысуға, кәсіби этика мен заңға бағынудың маңызын түсінуге септігін тигізді.