УНИВЕРСИТЕТ ЖАСТАРЫ КИБЕРҚАУІПСІЗДІК ТЕСТІЛЕУІНЕ ҚАТЫСТЫ
Университетіміздің білім алушылары мен оқытушылары өңірде алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды киберқауіпсіздік тестілеуіне белсенді түрде қатысты.
Аталған профилактикалық шара Түркістан облысы Полиция департаментінің бастамасымен өтті. Оған облыстық білім басқармасы мен университетіміз қолдау көрсетті.
Тестілеу интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған «Киберқалқан» медиа-жоспары аясында ұйымдастырылды. Жаппай тестілеу барысында мектеп оқушылары, студенттер және педагогтердің қаржылық-цифрлық сауаттылық деңгейі бағаланды.
Жалпы алғанда, іс-шараға 350 мыңнан астам адам қатысты.
Тестілеу нәтижелері қатысушылардың цифрлық қауіптерді тану, интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттерден сақтану және жеке деректерді қорғау бойынша білім деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Бастама Мемлекет басшысы бекіткен «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы аясында жүзеге асырылып, қоғамның цифрлық мәдениетін қалыптастыруға, жастардың ақпараттық қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Айта кетейік, алдағы уақытта университетіміз бен Түркістан облысы Полиция департаменті бірлесіп киберқауіпсіздік бағытында цифрлық оқыту және мониторинг шешімдерін әзірлеуді жоспарлауда. Сондай-ақ білім беру ұйымдары үшін тәуекелдерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық модельдерді енгізу көзделіп отыр.
Университетіміз алдағы уақытта өңірлік және республикалық деңгейде киберқауіпсіздік пен цифрлық сауаттылықты дамытуға үлес қоса бермек.