САНАЛЫ ҰРПАҚ - БОЛАШАҚ КЕПІЛІ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Басты мақсат – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңға құрметпен қарайтын, әділдік қағидаттарын берік ұстанатын әрі өз жауапкершілігін терең сезінетін саналы жас ұрпақты қалыптастыру. Сонымен қатар, кездесу арқылы құқықтық мәдениетті нығайтып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында заң талаптарын кеңінен түсіндіру.
Ең алдымен, жастар кездесудің идеялық өзегін ашатын бейнематериал тамашалады.
Келесі кезекте, жиын модераторы – ректор Жанар Темірбекова сөз бастады.
«Құрметті Түркістан облысының прокуроры Марат Тлеубердиев университетімізге қош келдіңіз! Бүгін оқу ордамыздың белсенді жастарын осы залға жинадық. Сондай-ақ, Туризм және меймадостық университетінің жастары да осы ортада отыр.
Өкінішке қарай, соңғы уақытта заң бұзушылық, дропперлер мен алаяқтықтың құрбандары көбейіп жатыр. Осындай жолға түспеу үшін не істеуіміз керек деген сауалға жауап тауып, бір-бірімізбен бөлісуіміз керек. Сонда ғана бұл індеттерді тоқтата аламыз деп ойлаймын.
«Заң мен тәртіп» концепциясы аясында елімізде, Түркістан облысында көптеген жұмыс жүргізілуде. Осы орайда, оқу ордамызға қолдау көрсетіп, іс-шараларымызға қатысып, іс-тәжірибелерін бөлісіп жатқан құқық қорғау мекемелеріне алғыс айтамын! Біз қашанда құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Ясауи университеті жүрек пен рухани тәрбиеге ерекше мән береді»,-деді ректор.
Келесі кезекте, Түркістан облысының прокуроры Марат Әжінұрұлы: «Заң мен тәртіп» концепциясы аясында өңіріміздегі өзекті мәселелерді қоғам болып, халықпен бірге талқылаймыз. Соның ішінде, осы университетте жастармен кездесу өткізіп, құқық бұзушылықтың салдарын талқылау мақсатымыз еді. Жалпы облысымызда қылмыстық деңгей 9,6%-ға азайды. Бұл құқық қорғау органдарының бірлескен жұмыстарының арқасы деп ойлаймын. Бірақ, интернет алаяқтық, дроппер, есірткімен күрес, жол-көлік оқиғалары әлі де өрбіп тұр. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген қазақ халқы. Сондықтан, аға буын ретінде жастарымызға жол сілтеп, жақсы жолға баулу – ең үлкен мақсатымыз»,-деді.
Сонымен қатар, облыс прокуроры қаржылық пирамидалар, әлеуметтік желідегі алаяқтық сынды кең тараған қылмыс түрлерін талдап, оның жазасы туралы ақпарат берді. Жастарды аталған қылмыс түрлерінен, құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақырды. Буллинг мәселесіне қатысты өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, есірткі қолданудың зияны жайлы баяндады.
Жол-көлік оқиғалары, жылдамдықты асырудың салдары жайлы тілге тиек етті. Соңғы 3 жылда Түркістан облысында 4000-нан астам жол-көлік оқиғасы орын алып, 800-ден астам адам қаза тапқанын мәлімдеді. Жастарды көлік жүргізуде ғана емес, барша істе жауапкершілікпен, заң мен тәртіп аясында әрекет етуге шақырды.
Жиын соңында студенттер облыс прокурорына өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тың жауап алды.