ӘДІЛ АХМЕТТІҢ ДИПЛОМАТИЯ САЛАСЫНДАҒЫ КӘСІБИ ЖОЛЫ
Бүгін университетімізде «Ұстаз, ғалым, дипломат және саясаткер Әділ Ахметтің дипломатия саласындағы кәсіби жолы» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – Қазақстанның көрнекті қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, дипломат және саясаткер Әділ Ахметтің дипломатия саласындағы кәсіби тәжірибесін білім алушыларға таныстыру. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиялық қызметінің қалыптасу кезеңдеріне қатысты практикалық түсінік беру. Сондай-ақ, Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алушылардың кәсіби бағдарын нығайту және болашақ дипломатиялық қызметке деген қызығушылығын арттыру.
Әділ Ахмет жиын барысында дипломатиялық қызметтің мазмұны мен ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталып, қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі дипломатияның рөлі туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет пен ғылымның өзара байланысы, ғылыми зерттеулер мен сараптамалық талдаулардың басқарушылық шешімдер қабылдаудағы рөлі жөнінде тағылымды ой-пікірлерін ортаға салды.
Ол тек саясат пен ғылымға қатысты мәселелерді талқылап қана қоймай, балалық шағы мен студенттік жылдарын еске алып, жылы естеліктерін бөлісті. Сонымен бірге, қатысушыларды өз мақсаттарына сенімді түрде жетуге ынталандырды.
Әділ Ахмет өз сөзінде: «Қазіргі таңда сіздер корпусы кең, әр факультетке жеке инфрақұрылымы қарастырылған халықаралық университетте білім алып жүрсіздер. Университеттің заманауи кампустық жүйесі мен көпсалалы академиялық ортасы кәсіби және тұлғалық дамуға үлкен мүмкіндік береді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болыңдар», - деді.
Кездесу соңында студенттер спикерге өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ол өзінің кәсіби және жеке тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, олардың білім мен тәжірибе жинауға деген ынтасын арттырды.