ӘДІЛ АХМЕТ УНИВЕРСИТЕТТІҢ «ҚҰРМЕТТІ ПРОФЕССОРЫ» АТАНДЫ



Университет Сенаты мүшелерінің толық қолдауымен Ресей және Қазақстан халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахмет университеттің «Құрметті профессоры» академиялық атағына ие болды.
Сенат жиыны барысында арнайы куәлікті университет ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілінің м.а. Нажи Генч табыстады.
Бірнеше күннен бері университетімізге келіп, ОПҚ және студенттермен кездесу өткізіп жүрген Әділ Ахмет оқу орнымыздың даму бағытына оң бағасын беріп, алдағы бастамаларына қолдау білдірді. Сонымен қатар, университет ректоры мен ұжымына алғыс айтып, ортақ ғылыми-ағартушылық қызметке табыс тіледі.
Айта кетейік, Әділ Ахмет – Қазақстандағы тіл білімі мен жоғары білім жүйесінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым әрі мемлекет қайраткері. Ол ұзақ жылдар бойы жетекші жоғары оқу орындарында ректор қызметін атқарып, білім беру саласын басқаруда мол тәжірибе жинақтаған.
Сондай-ақ, халықаралық дипломатия саласында және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында қызмет атқарып, отандық ғылым мен білімнің халықаралық деңгейде танылуына сүбелі еңбек сіңірді. Ғалымның ғылыми-зерттеу және басқарушылық қызметі еліміздің интеллектуалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған.