❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ПӘКІСТАНДА АХМЕТ ЯСАУИ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

  • 04.02.2026
  • KZ
  • 57

image

Халықаралық оқу орнымыз бен Пәкістан Ислам Республикасындағы Исламабад Халықаралық Ислам университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында Исламабад қаласында «Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығы» ашылды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістан Ислам Республикасына жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті.

Аталған бастама – қыркүйек айында Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде қол қойылған меморандумның нәтижесі. Келісімге университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова мен Исламабад Халықаралық Ислам университетінің Президенті, профессор, доктор Ахмед Шуджа Сед қол қойған еді.

Меморандум аясында қос университет бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, зерттеу материалдарымен алмасу, білім беру бағдарламалары мен оқыту стратегияларын әзірлеу, халықаралық конференциялар мен лекциялық семинарлар ұйымдастыру бағытында жүйелі ынтымақтастық орнатты.

Ал Исламабад Халықаралық Ислам университетінің базасында Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу  орталығын құру – екі университеттің ортақ ғылыми жобасы ретінде жүзеге асырылып отыр.

Орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Пәкістан Ислам Республикасының Федералды білім және кәсіби даярлау министрі Халид Макбул Сиддики, сондай-ақ оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова бастаған делегация, Исламабад Халықаралық Ислам университетінің басшылығы мен екі елдің ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Салтанатты бағдарлама аясында лентаны қию және естелік тақтаны ашу рәсімі өтіп, қасиетті Құран аяттары оқылды. Сонымен қатар жаңа ғылыми орталықтың ресми таныстырылымы өтіп, тараптардың ректорлары мен министрлері құттықтау сөздерін айтты.

Айта кетейік, бұл бастаманың негізгі инициаторлары – Қазақстан Республикасының Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин мен Исламабад Халықаралық Ислам университетінің Ғылыми-зерттеу институтын ұзақ жыл басқарған профессор, доктор Мұхаммед Зия.

Орталықтың басты мақсаты – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес білім беру саласындағы әріптестікті нығайту, академиялық қауымдастықтар арасындағы өзара байланысты кеңейту және теология саласындағы бірлескен бастамаларды қолдау.

Ясауи ғылыми-зерттеу орталығы Орталық және Оңтүстік Азияны, түркі және үнді-парсы ислам дәстүрін, классикалық сопылық пен заманауи исламтануды байланыстыратын жаңа интеллектуалдық алаң болмақ. 

Сондай-ақ, Ясауи мұрасын ағылшын, урду және араб тілдерінде танытуға, ғылымға негізделген ислам моделін ілгерілетуге, халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға қызмет етеді.

Алдағы уақытта университетіміздің ғалымдары Пәкістанға барып, ортақ жобаларды іске асырады. Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының өкілдері, факультет декандары мен профессорларымыз өзара ғылыми байланыстарды күшейтеді. Сонымен қатар пәкістандық әріптестеріміз де Түркістанға келіп, дәрістер оқып, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Сондай-ақ, жыл соңында пәкістандық әріптестермен бірлесіп, Исламабад қаласында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын кешенді зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конференцияны өткізу жоспарланып отыр.

Исламабадта ашылған «Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығы» халықаралық оқу орнымыздың ғылыми-инновациялық әлеуетін одан әрі арттырып, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы рухани және ғылыми байланыстарды жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық жоба ретінде жемісті қызмет етеді деп сенеміз.