ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ НЕГІЗІ
Кездесуде модератор болған Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов жиынның маңызына тоқталып:
«Қазіргі таңда алаяқтық құбылысы күнделікті өмірімізге кеңінен енді. Сондықтан бұл мәселе әрбір жастың назарында болуы тиіс.
Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың сапалы білім алуы, қоғамда өз орнын табуы және ел болашағына жауапкершілікпен қарауы керегін атап өтті. Қоғамда табысты болу үшін білім мен ұлттық құндылықтарды қатар ұстану маңызды. Заңды құрметтеу мен тәртіпті сақтау - әр жастың басты міндеті», -деді.
Сонымен қатар, полиция майоры Бақдәулет Сахов: «Студенттер көбіне жалған жұмыс ұсыныстары, онлайн сауда алаңда алдау, әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қаржылық айла-тәсілдерге тап болады. Университет қабырғасында да сақтық шараларын күшейту маңызды. Күмәнді хабарламаларға сенбеу, жеке мәліметтерді бөтен адамдарға бермеу және кез келген күдікті жағдай бойынша тиісті органдарға жүгіну - қауіпсіздіктің негізгі қағидалары», - деді.
Жиында спикерлер заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтықпен күресті күшейту бағытындағы мемлекеттік бастамалар кеңінен сөз болды. Мемлекет деңгейінде цифрлық қауіпсіздікті арттыру, қаржылық қылмыстардың алдын алу және киберқылмысқа қарсы тетіктерді жетілдіру қажеттігі айтылды.
Бұл бағыттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаның, яғни «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы жүйелі жаңғыру үдерісінің нақты көрінісі.
Жиын барысында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел уәкілі Лаура Нұрбосынқызы: «Қазіргі таңда дипфейк технологиялары мен интернет-алаяқтықтың түрлері кең таралуда. Жасанды интеллект арқылы жасалатын жалған бейнематериалдар мен аудиожазбалар азаматтарды адастыруға және қаржылық шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге сенбеу және ақпараттың шынайылығын тексеру қажет», - деп атап өтті.
Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Гүлзия Қарсыбай қаржылық құқықбұзушылықтар мәселесіне тоқталды. Ол интернет алаяқтықтың түрлері мен олардың алдын алу жолдары, сондай-ақ алаяқтардың құрбаны болған жағдайда қолданылатын шаралар туралы кеңінен баяндады.
Жиын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтандыруға және заң талаптарын құрметтеуге бағытталды.