❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «ЖАҢА ТОЛҚЫН» КЛУБЫ АШЫЛДЫ

  • 18.02.2026
  • KZ
  • 58

image

Университетте Филология факультеті, Қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаңа толқын» клубы ашылды. Тұсаукесер рәсіміне университеттің Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, Түркістан қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Шоқан Тоймахан, Қала әкімінің кеңесшісі Әділ Мамет, Түркістан қаласы Мәслихатының депутаты Тәжібек Мұсаев, Түркістан қаласы азаматтық қоғам белсендісі Перизат Айтенова қатысты. 

 

«Жаңа толқын» клубының мақсаты – Ясауи университеті мен Түркістан қаласы жастарының рухани әрі мәдени дамуына үлес қосу. Шығармашылық, көшбасшылық және тұлғалық қабілетерін ашуға мүмкіндік беру. Әдеби-мәдени бағыттағы бастамаларды қолдау, зияткерлік пікірталас алаңын қалыптастыру және жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

 

Клуб жаңашылдыққа жаны құштар жандардың, қоғамдық өмірге белсенді студент жастардың басын қосатын мәдени ортаға айналмақ.

 

Салтанатты шарада құттықтау сөз алған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Құрметті студенттер және оқытушылар! Еңбекшіл болыңыздар! Қазіргі еліміздің жаңа толқыны жастар – сіздер! «Жаңа толқын» деген атау – керемет таңдау. Жағамен таласқан толқын теңіздің сырын шертеді. Толқынға қарап отырып демаласың! Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады. Клубтың алдағы уақытта өзге клубтар арасында өзінің қалыптасқан орны болуына тілектеспін!»,- деді.

 

Келесі кезекте Түркістан қаласы әкімінің кеңесшісі Әділ Мамет сөз алды. Ол: «Мен де осы университеттің түлегімін. Біз әкімшілік тарапынан әрқашан қолдауға дайынбыз. Бірге жұмыс істейік. Жаңа толқын жаңа мүмкіндіктер алаңы болсын!»,- деді.

 

Клубты алғашқы кеші ұлтымыздың біртуар азаматтары, дарынды ақындар Міржақып Дулатұлы мен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналды. Әуезді ән мен әсем күй, ерекше әсер беріп, Фиология факультетінің студенттері өлеңмен өрілген өмірге саяхаттатып, «Stand up» арқылы күлдірте отырып, жылатты.

 

Сондай-ақ, «Жаңа толқын» клубы өзінің әнұраны мен логотипін бекіткен. Клуб әнұранының сөзін Қазақ философиясы кафедрасының доценті Әдемау Толысбаева жазса, әні Журналистика кафедрасының профессоры, белгілі журналист, сазгер Бекжігіт Сердәлінікі.

 

Алдағы уақытта клуб мүшелері әдеби кештер, танымал тұлғалар, белгілі жазушылар, айтыскер ақындар мен зерттеуші ғалымдар, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер өткізеді. Пікірсайыстар, түрлі байқауларды ұйымдастыру, өз шығармашылықтарын театрландырылған қойылымдар қою арқылы шыңдайды. 

 

Айта кетейік, университеттіміздің  «Шаңырақ» клубтар координациясындағы 23 клуб тағы бір клубпен толықты. Енді 24 клуб жұмыс істейді.