УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛДЕРІ ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ТАЛҚЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Түркістан облысындағы кездесуі аясында университет ректоры Жанар Темірбекова бастаған делегация өңір тұрғындарымен бірге жаңа Конституция жобасын талқылауға қатысты. Кездесу Түркістан қаласындағы конгресс-холлда өтіп, оған мыңнан астам адам жиналды.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дәрігерлер, педагогтар, кәсіпкерлер, ардагерлер, жастар мен волонтерлер қатысып, Коалиция мүшелерінің жаңа Ата заң жобасына қатысты пікірлерін тыңдап, өз ұсыныстары мен сұрақтарын ортаға салды.
Киелі Түркістан төрінде өткен бұл басқосу ел болашағына қатысты мазмұнды әрі ашық қоғамдық диалог алаңына айналды. Қатысушылар қазақ мемлекеттілігінің құқықтық негіздерін қалыптастырған тарихи құжаттардың бірі – Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы қасиетті өңірде дүниеге келгенін тілге тиек етіп, жаңа Конституция да ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жауапкершілікті жалғастырушы құжат болуы тиіс деген ортақ пікір білдірді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының негізгі басымдықтарын түсіндіріп, құжаттың басты мақсаты – «мемлекет адам үшін» қағидатын институционалдық деңгейде орнықтыру екенін атап өтті.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде демографиялық үдерістерге, жаһандық құндылықтар дағдарысына және цифрлық платформалардың жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалына назар аударып, жаңа Конституцияда адами капиталды дамытуға, ғылым мен инновацияға және отбасы институтына қолдау көрсетуге ерекше мән берілгенін айтты.
«Жаңа Конституциямыздың үшінші бабында нақты шегелеп айтылған: енді Қазақстан Республикасының стратегиялық басым бағыттары – адами капитал, білім, ғылым және инновациялар.Екінші үлкен, өте қуатты күш – ол ғылым мен технология. Қазіргі таңда өздеріңіз көріп отырғандай, жасанды интеллект, робототехника, биомедицина, биохимия, жаңа термоядролық энергетика салаларында түбегейлі өзгерістер болып жатыр. Біз күнделікті халықаралық сарапшылармен жұмыс істейміз – шынында да, әлемде бесінші өндірістік революция жүріп жатыр. Соған байланысты ғылым мен технологиялардың конвергенциясы күшейіп, жаңа даму дәуірі қалыптасып келеді», - деді министр.
Белгілі ғалым және қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев жаңа Конституция қабылдаудың тарихи маңызына тоқталып, жаңа Ата заң қазақ мемлекеттілігінің мыңжылдық тарихи сабақтастығына сүйеніп, «Қасқа жол», «Ескі жол» және «Жеті жарғы» дәстүрлерін жалғастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, Ата заңды жаңарту – уақыт талабы және мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз болатын стратегиялық қадам.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ пен Қайрат Балабиев, Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов та сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының қоғам үшін маңызын атап өтті.
Айта кетейік, Үнзила Шапақ пен Жақсыбек Құлекеев бұған дейін де университетке бірнеше рет келіп, профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездескен.
Шараның модераторы Түркістан телеарнасының басқарушы директоры, университетімізідң Журналистика кафедрасының оқытушысы Самат Сүлей болды.
Кездесуде оқу орнымыздың Заң факультетінің деканы Алия Қасымбек те мінберге көтеріліп, жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол Конституцияның 5-бабының 5-тармағында бекітілген нормалардың маңызын түсіндіріп, заңдардың кері күші болмайтыны қағидасы азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі кепілдіктердің бірі екенін атап өтті.
Деканның айтуынша, азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауаптылықты күшейтетін заңдар өткен кезеңдерге қолданылмайды, ал керісінше жауаптылықты жеңілдететін немесе жоятын нормалардың қолданылуы әділеттілік принципіне сай келеді. Бұл қағидалар құқық үстемдігін нығайтып, мемлекет пен азамат арасындағы сенімге негізделген әділетті құқықтық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында қатысушылар жаңа Конституция жобасы әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғанын атап өтіп, 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.