❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ERASMUS+ GREENCA ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК НЫҒАЯ ТҮСТІ

  • 25.02.2026
  • KZ
  • 27

image

23–25 ақпан күндері Сербияның Ниш университеті базасында «Greening water education for sustainable development in Central Asia» атты халықаралық ғылыми-зерттеу Эразмус+ жобасы аясындағы жұмыс тобының алғашқы семинар-кездесуі өтті. Бұл жиынға оқу ордамыздың делегациясы да қатысты. 

Еуропалық комиссияның Білім беру және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттігі қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру бағыты бойынша 2025 жылғы 14 шілдеде №101235515-GreenCA-ERASMUS-EDU-2025-CBHE-STRAND-2 гранттық келісімшарт негізінде бастау алған. Семинарды университет ректоры, профессор Драган Антич ашып, жобаның маңызына ерекше тоқталды.

Кездесу барысында оқу ордамыз бен Ниш университеті арасында ынтымақтастықты кеңейту бағытында келіссөздер жүргізілді. Сонымен қатар, гранттық жоба аясында білім беру бағдарламаларына енгізілген пән мазмұны жан-жақты талданып, оны жетілдіру жолдары қарастырылды.

Жобаның маңызды мүмкіндіктерінің бірі – білім алушыларға арналған академиялық қолдау. Білім беру бағдарламасында көрсетілген пәнді игерген жоба орындаушысынан екі білімгер Норвегияның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде екі апталық күндізгі курсқа қатысуға жолдама алады. Бұл – халықаралық тәжірибе мен заманауи білім алуға берілген үлкен мүмкіндік.

Сонымен қатар, жоба аясында «Биология» кафедрасына қарасты «Қолданбалы биология және топырақтану» зертханасы қалдық суларды тазартудың соңғы үлгідегі заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етіледі. Бұл университетіміздің ғылыми әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық бағыттағы зерттеулердің сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Жоспарға сәйкес жоба орындаушылары алты іссапарға қатысады. Атап айтқанда, Сербияның Ниш қаласы, Норвегияның Осло қаласы, Польшаның Ольштын қаласы, Тәжікстанның Душанбе қаласы, Қазақстанның Шымкент қаласы және Қырғызстанның Бішкек қалаларында өтетін кездесулер мен ғылыми жиындарға қатысу көзделген. Бұл сапарлар халықаралық әріптестік аясын кеңейтіп, тәжірибе алмасуға жол ашады.

Айта кетейік, жобаның үйлестірушісі – техника ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Ғ.И. Исаев. Жетекші ғылыми қызметкері – техника ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. И.О. Аймбетова, ал ғылыми қызметкері – Ф.А. Дадажанов. Алдағы уақытта олар аталған мемлекеттердің ғалымдарымен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмасу арқылы университет ғылымының дамуына өзіндік үлес қосады деп сенеміз.