ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ СТУДЕНТ ТАПҚАН КҮЛТӨБЕ ТАС ЖАЗБАСЫНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ



Оқу ордамыздың Филология факультетінде «Күлтөбе жазбасы: Ерте Оғыздарда жазба қолданымына қатысты жаңа табыс» тақырыбында семинар-конференция өтті.
Жиынның басты мақсаты – Күлтөбе қалашығынан табылған тас жазбаның ғылыми маңызын жан-жақты талқылау, оның ерте оғыз қоғамындағы жазба мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін айқындау.
Айта кетерлігі, бұл тарихи олжаны алғаш болып тауып, ғылыми айналымға ұсынған – «Түркология» студенттік клубының төрағасы, Түркология мамандығының 2-курс студенті Алпарслан Каваклы. Жас зерттеушінің ізденісі нәтижесінде анықталған тас ескерткіштің тарихи, тілдік және мәдени қырлары жиында кеңінен сараланды. Сонымен қатар, ол оғыздардың ерте кезеңде жазба дәстүрді қолданғанын дәлелдейтін жаңа ғылыми деректерді ғылыми ортаға таныстырды.
Семинар барысында қатысушылар көне мұраның мазмұны мен мәтіндік ерекшеліктеріне терең үңіліп, жазбадағы таңбалардың тарихи сабақтастығы мен түркі өркениетіндегі орнын талқылады.
Мұндай ғылыми басқосу – өткенді тануға жасалған қадам ғана емес, ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды ізденіс алаңы. Күлтөбе жазбасы төңірегіндегі зерттеулер алдағы уақытта да жалғасын тауып, түркология ғылымының көкжиегін кеңейтетіні сөзсіз.