❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ӨҢІРАРАЛЫҚ AI ХАКАТОННЫҢ  АШЫЛУЫ ӨТТІ

  • 25.02.2026
  • KZ
  • 22

image

Бүгін Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, университеміз және ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум аясында AI Хакатонның ашылуы өтті.

Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен жастар қатысты.

Форум ҚР Президентінің Жолдауында айқындалған цифрлық трансформация басымдықтарын іске асыруға бағытталды. 

Ашылу рәсімінде университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп: «Біз бұл жобаны өңірлік деңгейде өткізу туралы алғаш рет бір ай бұрын ақылдасқан едік. Бүгін сол бастаманың нақты нәтижесін көріп отырмыз. Қызылорда мен Тараздан, сондай-ақ Алматы мен Астанадан келген жастардың қасиетті Түркістан топырағында бас қосуы – біз үшін үлкен қуаныш. Қазіргі замандағы барлық мүмкіндіктер, ең алдымен, жастар үшін жасалуда.  Түркістан – тарихи әрі рухани орталық. Бұл жер бізге білім мен тәрбиенің қатар жүруі керектігін еске салады. Себебі тәрбиесіз берілген білім ел болашағына қызмет ете алмайды. Бүгін сіздер тек бәсекеге түсіп отырған жоқсыздар, болашақта бір-бірлеріңізге серіктес бола аласыздар. Сіздердің жобаларыңыз еліміздің қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Ал қаржылық қауіпсіздігі жоғары мемлекетте саяси мәдениет те жоғары болады. Сондықтан сіздерге зор сенім артамыз және сәттілік тілеймін», – деді.

Екі күнге жоспарланған AI Хакатон аясында қатысушылар нақты мемлекеттік кейстер бойынша жобалар әзірледі. Байқауға 120 жуық команда, 400 жуық қатысушы тіркелген

Айта кетейік, университетіміздің білім алушылары да хакатонға қатысып жатыр. Студенттеріміз 25 жоба ұсынып, қаржылық қауіпсіздік бағытындағы өз идеяларын таныстырды. 

Жалпы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласынан, сондай-ақ Астана мен Алматыдан келген командалар өзара бақ сынайды.

Қатысушылар Telegram желісіндегі заңсыз сауданы анықтау, онлайн-алаяқтық пен қаржылық пирамидаларды AI арқылы мониторингтеу, мемлекеттік сатып алуларды талдау және ойын тәуелділігінің алдын алу бағытында инновациялық шешімдер ұсынып жатыр. Үздік деп танылған жобаларға 10 млн теңге көлемінде жүлде қоры қарастырылған.

AI Хакатон цифрлық дәуірде «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға, қаржылық қауіпсіздік инфрақұрылымын заманауи технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Университетіміз ұйымдастырушылар қатарында белсенді қатысып, жастардың зияткерлік әлеуетін мемлекеттік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге жұмылдыруға үлес қосты.