ДӘСТҮРЛІ ФАКУЛЬТЕТАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР ЛИГАСЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Бүгін оқу ордамызда дәстүрлі факультетаралық Студенттер лигасы өз мәресіне жетті.
Бұл шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, жарыс нәтижесінде университет құрамасы жасақталады.
Бір апта көлемінде өткен спорт бәсекесінде қатысушылар кіші футбол (футзал) және үстел теннисі сынды спорт түрлерінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады.
Сайысқа Қаржы және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректор Мустафа Гиритлиоглу, әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов және профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Жарыстың марапаттау салтанатында сөз сөйлеген университетіміздің вице-ректорлары баршаны Рамазан айының басталуымен құттықтап, жарысқа қатысқан барлық студенттерге алғысын айтты.
Студенттер лигасының нәтижесінде, І орынды – Спорт факультеті жеңіп алды. Жүлделі ІІ орынға Кентау институты (Дайындық орталығы мен Инженерия факультеті) ие болды, ал ІІІ орын – «Дене тәрбиесі және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының командасына бұйырды.
Сондай-ақ, әр командадан спорт түрлері бойынша үздік өнер көрсеткен студенттер Алғыс хаттармен марапатталды.