МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ТАНЫМДЫҚ ЭКСКУРСИЯҒА КЕЛДІ
Бүгін университетімізге Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінің оқушылары танымдық экскурсияға келді.
Оқушылар экскурсияны дәл қазіргі уақытта ерекше құлпырып тұрған, оқу ордамыздың ботаникалық бағындағы әсем қызғалдақтарды тамашалаудан бастады. Көктемнің көркіне айналған қызғалдақтар балалардың көңіл күйін көтерді.
Кейін кішкентай қонақтар Мәдениет орталығында орналасқан музейге барды. Түркі әлемінің тарихы мен рухани мұрасы туралы мәлімет алып, тарихи жәдігерлерді қызығушылықпен тамашалады.
Сапар университет кітапханасында жалғасты. Кең әрі жарық оқу залдары, мол кітап қоры оқушылардың назарын аударды. Олар кітап әлемімен танысып, білім ордасының ерекше атмосферасын сезінді.
Экскурсия соңында оқушылар университетіміздің ерекше нысандарының бірі орталық асханада түскі ас ішіп, көтеріңкі көңіл күймен сапарларын аяқтады.