❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

«АНАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ МҰРА» АТТЫ ЖЕКЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕ ӨТТІ

  • 27.02.2026
  • KZ
  • 34

image

Бүгін университетімізде Өнер, медиа және дизайн факультеті, Бейнелеу өнері кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мереке Айдаршаның «Еңбек адамы» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Анадан қалған асыл мұра» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу өтті.

 

Шараның мақсаты – жаңартылған Конституцияның преамбула мазмұнында көрсетілген құндылықтарды насихаттау.  Ата Заңда көрсетілген тарихи жауапкершілік, ұлттық бірлік, мәдени мұраны сақтау және болашақ ұрпақ алдындағы парыз қағидаттарын дәріптеу арқылы рухани және құқықтық сананы нығайту болды.

 

Көрменің ашылу лентасын Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Саян Келдібеков, Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов, Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Болат Қалмұрзаев, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков және университет ректоры Жанар Темірбекова қиды.

 

Шығармашылық жоба авторы Мереке Айдарша өз сөзінде: «Мен өз жұмыстарымды киізден және жүн жіп сияқты табиғи материалдардан жасаймын. Кілем тоқимын, бау-басқұр тоқимын, сырмақ жасаймын, ши тоқумен айналысамын. Жалпы, дәстүрлі қолөнердің барлығын меңгергенмін.  Себебі, менің шәкірттерім бар. Сабақ барысында студенттердің сұраныстарына толық жауап беріп, әртүрлі өнер түрін үйретемін. Сондықтан қолөнердің барлық қырын білемін және тәжірибеде қолданамын»,–деді.

 

Көрмеге қойылған әрбір туындыдан қазақ анасының мейірімі мен ұлт рухы айқын сезілді. Шебердің еңбектері ұлттық өнерді заманауи бағытпен ұштастыра отырып, аналар аманатына адал болуға үндейтін мазмұнымен ерекшеленді.                               

 

Шара қазақ халқының қолөнер дәстүрін дәріптеуге, аналар аманатын ұлықтауға және ұрпақ сабақтастығын насихаттауға арналды.

 

Мазмұнды шара «Жаңа Конституция: Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысымен жалғасын тапты.