УНИВЕРСИТЕТТЕ МЕДИА СТУДИЯ АШЫЛДЫ
Университетімізде Өнер, медиа және дизайн факультеті, Журналистика кафедрасына қарасты Медиа студия ашылды. Болашақ журналистер үшін керемет мүмкіндіктер алаңы Өкілетті Кеңес қолдауымен құрылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне белгілі журналист Жайна Сламбек, Түркістан облысы мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай, Түркістан облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мира Пернебекқызы, «Қызылорда» телеарнасының директоры Нұрбек Амиша, Beine.Pro интернет журналының өкілдері, подкаст-продюсер, Oy-detox YouTube арнасының авторы Әйнел Әмірхан, Turkistan телеарнасының ұжымы және өзге де БАҚ өкілдері мен түлектер қонақ болды.
Қонақтар ең алдымен, республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, университетіміздің фототарихын жасаушы, өңірімізге танымал фотограф Нахып Шынтемировтың «Таспаланған тарих» атты фотокөрмесін тамашалады.
Фотокөрмеде Нахып Шынтемиров таспалаған оқу ордамыз бен Түркістан шаһарының 60-тан астам суреті қойылды. Онда ескі мен жаңа қаланың бейнесі, университеттің тарихи сәттері бейнеленген.
Журналистика кафедрасының 1-курс студенті Асылжан Есімханұлы өзінің арнау өлеңін айтып, домбыра үнімен көпке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Медиа студияның лентасын ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч, Жайна Сламбек, Журналистика кафедрасының негізін қалаушы Сейдулла Садықов қиды.
Алғашқы құттықтау сөзді бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті әріптестер, сүйікті студенттер! Бүгінгі күн – университетіміздің тарихына енетін күн. Бұл қуанышты сәт баршаның жүрегіне үлкен қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Ең бірінші университетіміз бен кафедраның ашылуына атсалысып, еңбек сіңірген ақсақал оқытушыларымызға, кафедра ұжымына алғыс айтамын.
Студия шағын болғанымен іші мейірімге, махаббатқа, шығармашылық пен сүйіспеншілікке толы. Сондықтан бүгінгі қуанышымызды бөлісуге алыс-жақыннан керемет жандар келді. Баршаңызға алғыс білдіреміз. Студиямызда Тұран жұртына тек жақсы жаңалық жайылсын. Университетіміз күннен күнге дамып, жетіп жатқан жетістіктерін дүйім жұртқа жариялайтын жер болсын. Түлектерге шығармашылық сенім, жаңа ізденістерге шабыттандыратын орта болсын!»,-деді.
Келесі кезекте, «Құрметті қонақтар қош келдіңіздер! Бүгін Журналистика кафедрасының оқытушы-профессорларына ерекше алғыс білдіремін. Бұл студияның ашылуына мұрындық болған Өкілетті Кеңеске, оқу орда қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін! Кафедрамыз түркі әлеміне, қала берді дүниежүзіне білім жолында таныла берсін»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.
Профессор Сейдулла Садықов: «Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Таяқ ұстап келгенге тай мінгізетін Түркістан. Бұл мекен маған да үлкен сый жасады. Осында 20-дан астам кітап жаздым. Студияның ашылуымен құттықтаймын. Аман болыңыздар, ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілеймін»,-деді.
Жиында сөз кезегін алған құрметті қонақ, журналист Жайна Сламбек: «Бірінші кезекте, студияның ашылуымен Жанар Темірбекова мен ұжымын шын жүректен құттықтаймын. Бұл оқу орда – Қазақстан мен Түркия арасындағы алғашқы көпір. Студенттерге тек білім емес, тәрбие беретін жер. Түркиямен арадағы дипломатияны, саясаттың шегелерін қағуға көмектесін мектеп. Миссиясы одан әрі артқан мекен деген сөз. Сондықтан ұжым мен студенттерді құттықтаймын!
Бұл жер – асқақ армандарды аласартпайтын, одан әрі нығайтатын жер болсын! Дәл осы жерден мықтылар мен шебер журналистер көптеп шықсын деп тілеймін»,-деді.
Түркістан облысы мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай мен Turkistan телеарнасының Ақпараттық бағдарламалар дирекциясының директоры Ғани Қалмахан да жүрек жарды тілектерін арнады.
Медиа студияның алғашқы жұмысы – подкаст түсірілімінен бастау алды. PhD, журналист Молдияр Ергебеков журналист, подкаст-продюсер, Oy-detox YouTube арнасының авторы Әйнел Әмірханмен «Подкаст қалай жасалады: идеядан эфирге дейін» тақырыбында ой өрбітті. Подкастақа «Қызылорда» телеарнасының директоры Нұрбек Амиша мен журналист Жайна Сламбек те қатысты.
Айта кетейік, заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа медиа студияның әлеуеті жоғары. Студия бірнеше функционалды аймақтан тұрады. Атап айтқанда, телебағдарламалар мен бейнежобалар түсіруге арналған TV-аймақ, сұхбаттар мен аудио, бейне форматтағы жобаларды жазуға арналған подкаст студиясы, кәсіби деңгейде дыбыс жазу және бейнемонтаж жұмыстарын жүргізуге арналған аудио-визуалды дыбыс жазу және монтаж аймағы, сондай-ақ түсірілімге дайындық жасауға арналған гримерлік бөлме қарастырылған.