❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

УНИВЕРСИТЕТ ВИЦЕ-РЕКТОРЫ АКАДЕМИК Н.БАЗАНОВА АТЫНДАҒЫ МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ

  • 06.03.2026
  • KZ
  • 67

image

Оқу орнымыздың Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректоры, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнаш Есімбекқызы Ошибаева академик Нәйлә Базанова атындағы алғашқы отандық әйел-ғалымдарға арналған марапатқа ие болды.

 

Бүгін Алматы қаласындағы Ғылым ордасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы тағайындаған марапаттың салтанатты табыстау рәсімі өтті.

 

Нәйлә Оразғұлқызы Базанова (1911–1993) – Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик, биология ғылымының докторы, профессор. Ол ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы ғылымының негізін қалаушылардың бірі саналады. Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы ретінде отандық ғылымның дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалым.

 

Бұл марапат ғылым саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ғылыми әлеуеті жоғары, ел дамуына елеулі үлес қосқан жетекші әйел-ғалымдарға табысталады.

 

Айнаш Есімбекқызы – медицина саласындағы тәжірибелі ғалым. Ол қоғамдық денсаулық сақтау бағытында ұзақ жылдар бойы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғалымның ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі 25 жылды құрайды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландыратын 2024–2026 жылдарға арналған ірі ғылыми бағдарламаның жетекшісі болып табылады.

 

Ғалымның еңбектері халықаралық ғылыми кеңістікте кеңінен танылған. Оның Scopus базасында индекстелген 24 мақаласы, жалпы 86 ғылыми жарияланымы және 5 зияткерлік меншік құжаты бар.

 

Университет ұжымы атынан Айнаш Есімбекқызы Ошибаеваны жоғары марапатымен шын жүректен құттықтап, ғылым мен білім саласындағы қызметіне толағай табыс, жаңа ғылыми жетістіктер мен шығармашылық табыс тілейміз!