АКАДЕМИЯЛЫҚ АУЫСЫМ: ҚАРАҒАНДЫЛЫҚ СТУДЕНТ УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕГІ БІР ЖЫЛДА ТҮРІК ТІЛІН ҮЙРЕНІП АЛДЫ

  • 20.06.2024
  • KZ

image

2023-2024 оқу жылында университетіміздің «Журналистика» кафедрасына ішкі академиялық ұтқырлық бойынша Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Аяулым Ерлан білім алған болатын. Осы уақыт ішінде түрік тілін меңгеріп алған қарағандылық студент өз университетінде түрікше сұхбат жүргізе бастады.

Аяулым алғашында университетімізге бір семестрге ауысып келген, кейіннен оқу жылының екінші жартысында да Түркістанда қалуға шешім қабылдайды.

Ол аз ғана уақыт ішінде өзінің талабы мен ізденімпаздығының арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, түрік тілін үйреніп, А1 деңгейін растайтын сертификат алды. А2 деңгейіне дейін жетіп, одан әрі тілді терең меңгеруге талпынды. 

Аяулым халықаралық оқу орнымызда үйреніп, білгенін Қарағанды университетінде де жақсы деңгейде көрсете алды. Жуырда ол Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне арнайы келген Түркиядағы Кастомону университетінің профессоры Орхан Сөлеймезден түрікше сұхбат алды. 

Сұхбатта өз командасын жинап, қазақ тілін меңгеру мақсатында Қазақстанға келген профессор өзінің білім-ғылым жолындағы тәжірибелері мен өзге де қызықты естеліктерімен бөліскен. Аяулым Ерлан Орхан Сөйлездің іс-сапары жөнінде, сонымен қатар, мансап жолы жайлы әңгіме өрбітті.

Қарағанды университетінің ұстаздары студентінің жетістігіне қуанып, оқу ордамыздағы әріптестеріне алғысын жеткізді.

Университетімізде білім алып, киелі шаһардан нәр алған болашақ журналист қоғамдық өмірге де белсене араласты.

Аяулым мамандығы бойынша практикалық іс-тәжірибе бойынша да білімін арттырды. «Yassawi FM» радиосында бағдарламалар жүргізіп, сұхбаттар мен жаңалықтар дайындады.

«Yassawi Media Club» клубында белсенді студенттермен түрлі жобаларды жүзеге асырды. Аз ғана уақыт ішінде оқу орда төрінде өткен маңызды жиындарда ақпараттық жұмыстарды жүргізуге көмектесті. 

Айта кетерлігі, университет ұжымы да қарағандылық студенттің ынта-жігерін бағалады. ІІ Түркі универсиадасындағы қызметі үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің алғыс хатына ұсынып, арнайы марапаттады.

Ясауи университетінде өзін озық қырларынан көрсетіп, үйренген білімін ары қарай дамыта түскен Аяулым Ерланға тек сәттілік тілейміз!