УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ТЫҢДАДЫ

  • 02.09.2024
  • KZ

image

Бүгін оқу орнымыздың басшылығы мен ұжымы тікелей эфирде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдады.

Президент биылғы Жолдауында елімізде жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтты.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет екенін атап өтті.

Екінші кезекте инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңызына тоқталды.

Президент Жолдаудың үшінші бөлімінде еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажеттілігі туралы сөз қозғады.

Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу де назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс екенін тілге тиек етті.

Жолдаудағы бесінші маңызды мәселе – еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру.

«Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.

Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек» - деді Мемлекет басшысы.

Президент кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе, экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам екенін атап өтті.

«Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан әрі, ол ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту мәселесіне тоқталды.

Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Сондықтан да Президент биылғы Жолдауында бұл мәселеге айрықша маңыз беріп отыр.

Жолдаудағы сегізінші мәселе мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыруға арналды.

«Тоғызыншы. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы басты міндеттерінің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру екенін айтты. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.

«Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады.

Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін.

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өркендей берсін!

Халқымыз аман болсын!», - деп Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауын аяқтады.

Жолдаудан соң университет ректоры Жанар Темірбекова мен басшылық құрам Президент жолдауының маңызы мен салмағы жөнінде өз ойымен бөлісті. Жолдауда айтылған барлық мәселелерге үлкен жауапкершілікпен қарап, ел дамуына үлес қосу, еңбек етудің маңызына тоқталды. Университет ұжымы да білім саласы мен өзге де маңызды тақырыптарды тыңдап, өз пікірлерін ортаға салды.