ОҚУ ОРДАМЫЗДЫҢ 1-КУРС СТУДЕНТТЕРІНЕ АРНАЛҒАН БАҒДАР БЕРУ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

  • 02.09.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде 1-курс студенттеріне арналған бағдар беру апталығы бастау алды. 

Жиында алғашқы сөз тізгінін алған университет ректоры Жанар Темірбекова баршаны 2024-2025 оқу жылының басталуымен құттықтады. 

«Ясауи университетінің 1-курс студенттері, білім ошағымызға қош келдіңіздер! 

Ұстаздар қауымы үшін жаңа жыл қаңтар айында емес, қыркүйекте басталады. Себебі, дәл осы күні университетімізге жаңадан қадам басқан студенттер мен жоғары курс студенттерін көріп, қайта қауышамыз. Сондықтан, айтулы білім күні біздер үшін аса маңызды. Осы тұста, сіздерді Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде көргенімізге қуаныштымыз! 

Сіздердің алдағы 4 жылдарыңыз өте қызықты, әрі ерекше өтеді деп сенеміз! Тек қана сәттілік тілейміз! Ясауи отбасына қош келдіңіздер!»,-деді ректор Жанар Темірбекова.

Сондай-ақ, оқу орда басшысы студенттерге университетіміздің негізгі миссиялары мен ұстанымдары туралы кеңінен айтып өтті. Жастарды адалдық пен әділдік, сенім мен білім арқылы жоғары жетістіктерге жетуге шақырды. Білімге құштар студенттерге оқу орда ұсынар мүмкіндіктермен таныстырды.

Келесі құттықтау сөзді алған ректор өкілі Наджи Генч:

«Сүйікті студенттер, сіздерді 2024-2025 жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді Ясауи отбасының мүшесі ретінде көргенімізге қуаныштымыз. Алдағы 4-5 жылда сіздердің жоғары сапада білім алып, білім-ғылым жолында бағыт-бағдар беруге, барлық мүмкіндіктерді ұсынуға барымызды саламыз!»,-деді.  

Сондай-ақ, студенттерді ең керемет студенттік шақтарын бос өткізбеуге шақырды. Өз ісінің маманы болу, тіл үйрену сынды  т.б дамытушы істермен айналысудың маңызына тоқталды.

Жиын университетіміздің вице-ректорларының құттықтау тілектерімен жалғасты. Сонымен қатар, «Халықаралық байланыстар» мен «Ғылым», «Жастар саясаты», «Академиялық (тіркеуші офис)» департаменттері, Студенттік парламент 1-курс білімгерлерін өз жұмыстарымен таныстырды. 

Шара соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тың ақпараттар алды.