«ҰЛЫ ЕРЛІК - ҰРПАҚҚА ҮЛГІ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

Іс-шара Ұлы Отан соғысында қаза болған батыр бабалар рухына тағзым ретінде бір минуттық үнсіздікпен басталды. Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің әнұраны шырқалды.
Салатанатты кешті ашып берген ректор Жанар Темірбекова: «Мамыр айының басы жылдағы дәстүр бойынша маңызды іс-шаралармен өтеді. 7-мамыр мен 9-мамыр әрбір қазақстандық отбасы үшін үлкен мағынаға ие. Себебі, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні мызғымас ұғым. Осыдан 80 жыл бұрын тек Қазақстан ғана емес, дүниежүзі Жеңіс күнін сүйіншілеген еді.
Қазіргі заманның жастары, отан қорғау үшін әскери күшті ғана емес, білім мен ғылымды ұштастыруымыз керек. Ал, жақсы өмірге, білім мен ғылымға құштар ететін орта – университет! Көк байрағамыз мәңгі желбіресін! Еліміз көркейе берсін!»,-деді.
«Баршаңызға тек Қазақстан емес, Түркі дүниесі үшін маңызды күндер құтты болсын! Ұлы Отан соғысы талайға қайғы әкелген қасіретті уақыт. Бұл күндерді ұмытпай, жеңістің қадірін білуіміз керек. Еліміз бен әлемде ауызбіршілік пен татулық болсын!»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.
Келесі кезекте, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев: «Бүгінгідей керемет іс-шараға қонақ ретінде шақырғандарыңызға алғыс білдіремін! Біз бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымызға шүкір деуіміз керек! Себебі, соғыс жылдарында талай адам жанын қиып, әжелеріміз жоқшылық пен ауыр күндерді бастан өткерді. Қазіргі таңда еліміздің өзге мемлекеттермен терезесі тең.
Жастарды тәрбиелейтін бірден бір жол – университет деп ойлаймын. Білімді жастармен қаржылық қауіпсіздік шараларын бірлесе өткіздік. Республикалық деңгейде өткен сол іс-шаралар бойынша Ясауи университеті қаншама университеттің арасынан 1-орын алды. Осы тұста, ректор Жанар Темірбекова мен оқу орда ұжымын шын жүректен құттықтаймын!»,-деді.
Ерболат Балғабаев бүгінгі сәтті пайдаланып, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасы Жанат Элимановтың атынан ректор Жанар Темірбековаға арнайы төсбелгіні табыстады. «Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі» медалі тек басшыға ғана емес, университет ұжымына көрсетілген құрмет екенін атап өтті. Сондай-ақ, республикалық деңгейде «Қаржылық қауіпсіздік» тақырыбында өткен форумға атсалысып, елеулі үлес қосқан оқу орда қызметкерлерін де арнайы марапаттады.
Жиында профессор Тұрсын Хазіретәлі Ұлы жеңіс туралы арнайы баяндама оқыды.
Іс-шара одан әрі арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. Кеш шымылдығын «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі «Адай» күйімен түрді. Ансамбльдің орындауындағы «Батыр баба» шығармасына көрермен қауым қошемет көрсетті.
Сахна төрінде патриоттық әндер шырқалып, рухани кештің сәнін келтірді. Мың бұралған бишілер би биледі.
Концерт соңында Хор ұжымы «Атамекен» әнін шырқады. Залда жиналған қауым орындарынан тік тұрып, қосыла айтты. Көк туымыз желбіреп, бүгінгі ұрпақ ұлт амандығы жолында қаза болған бабалар рухына тағзым етті.