ТҮРКИЯҒА САПАР: ОҚЫТУШЫЛАРЫМЫЗ ҮЛКЕН ШАБЫТПЕН ОРАЛДЫ

  • 12.05.2025
  • KZ

image

Өкілетті кеңестің қолдауымен Түркия Республикасына кеткен оқытушы-профессорларымыз оралды. Тәжірибе алмасу мақсатында бауырлас елге сапар шеккен оқытушыларды ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч арнайы қабылдады.

Жиында Түркияның Анкара, Каппадокия, Стамбул қалаларында болған оқытушы-профессорлар өз әсерлерімен бөлісті. Түрік халқының білім-ғылым алаңымен кеңінен танысып қана қоймай, мәдениеті мен салт-дәстүрін, қонақжай көңілдерін көріп қуанғандарын жасырмады.

«Түркияға табанымыз тигеннен бастап, осындай көркем мемлекетті көруге, білім алаңында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген оқу орда басшылығына алғыс айтумен болдық! Бұл сапар бізге ерекше шабыт сыйлады. Оқу ордамызда жылдар бойы атқарған еңбегіміз бағаланғанына қуандық. Түбі бір түрік жұртымыз бізді дархан көңілмен құшақ жая қарсы алып, шығарып салды»,-деді оқытушылар.

Ал, ректор Жанар Темірбекова: «Бұл іс-сапар сіздерге ерекше леп берді деп ойлаймын. Жалпы оқытушыларымызға ғылыми зерттеулер мен басқа да білім бағыттары бойынша Түркияға баруға мүмкіндіктер қарастырылған. Осы мақсатта түрлі бағдарламалар бар. Алдағы уақытта сол мүмкіндікті пайдаланасыздар деп сенемін.

Адалдық пен әділдік туралы тек айту мен жазып, қабырғаға іліп қоюмен шектелмеу керек. Сіздердің бұл іс-сапарларыңыз адал еңбектеріңіздің әділ бағалануы деп ойлаймын. Істеріңізге сәттілік тілеймін!»,-деді.

«Құрметті оқытушы-профессорлар, сіздердің сапарларыңыз сәтті болып, Түркиядан үлкен қуанышпен оралғандарыңызды көру біз үшін бақыт. Түрік жұртшылығын сіздерге құрмет көрсеткені мен достық пейілін танытқанын бақытқа толы көңіл-күйлеріңізден-ақ көрініп тұр. Міне, екі ел арасында осындай татулық пен бірліктің іргесі ажырамасын деп тілеймін! Сіздер алдағы уақытта Түркиядағы жоғары оқу орындарымен бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізеді деп сенемін! Себебі, Түркияның кез-келген университетінің есігі Ясауи университеті үшін ашық! Алдағы уақытта жұмыстарыңыздың жемісті болуына тілектеспін!»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.

Қуаныш пен ризашылыққа толы кездесу соңында оқу орда басшылары мен оқытушы-профессорлар естелікке суретке түсті.