ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ АЯСЫНДА ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ РУХАНИ МҰРАСЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ

  • 10.06.2025
  • KZ

image

Бүгін қаламызда «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Айтулы жиын аясында  университетімізде қос бірдей рухани-тарихи маңызға ие тағылымды іс-шара өтті. Соның бірі – «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесінің ашылуы.

Түркі әлемінің ортақ мұрасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатына еліміз бен шетелден келген қадірлі қонақтар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Түркі тілінің байлығын, тарихи сабақтастығын және мәдени мұрасын тереңінен сипаттаған көрмеде сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова : «Қайырлы күн, құрметті әріптестер мен қадірменді қонақтар! Бүгін оқу ордамызда өте маңызды іс-шара бастау алғанына қуаныштымыз! Осындай күнде жанымыздан табылған бауырлас елдердің өкілдеріне де алғыс білдіреміз!»,-деді.

Ал,  Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев: «Бүгінгі көрмені ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз! Бұл жиын –жастарымыз бен болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, оларды тарихпен таныстыруға, түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті қаншалықты бай болғанын көрсететін қазына деп білеміз!»,-деді.

 «Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегі – тек қана сөздік емес, түркі тілі мәдениетінің әлемдегі орны, айнасына айналған дүние. Әрі, түркі тілінің байлығын дүниежүзіне танытқан туынды болды. Бір елдің, халықтың рухы оның тілінде жасайтынын ұмытпауымыз керек!»,-деді Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак.

Халықаралық «Түрік мәдениеті мен мұрасы» қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова: «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының атынан университет ректоры Жанар Темірбековаға ризашылығымызды білдіреміз! Себебі, біздің бабамыз, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» атты әлемдік мәртебеге ие, түркі әлемі туралы энциклопедиясының 950 жылдығына арналған көрмені оқу орда төрінде өткізуге рұқсат берді. Осы тұста, біріге жұмыс істеп, қолдау көрсеткен оқу орда басшылары мен қызметкерлеріне тағы да алғыс айтамын!»,-деді.

Сондай-ақ, «Түркі әлемі» қорының директорлар кеңесінің төраға орынбасары Осман Өзсой да өзінің ризашылығын жеткізіп, көрме туралы ойымен бөлісті.

Келесі кезекте, көрермен қауымның жүрегінен орын алған – «Мың заман – бір Түркістан» спектаклі сахна төрінде қайта қойылды. Естеріңізге сала кетейік, бұл –  «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен музыкалық драма қойылымы.

Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады. Сонымен қатар, Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы көрсетілді. Қиын күндерге қарамастан, татулығын сақтаған түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды.

Жиын соңында спектакль тағы да жоғары бағаланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Түркі халықтарының даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым соңында көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.