УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫЛЫҒЫ АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІН ҚАБЫЛДАДЫ

Ректор кездесу барысында спортшыны халықаралық деңгейдегі жеңісімен құттықтап, спорт пен білімде үздік студенттерді университет басшылығы жан-жақты қолдауға дайын екенін білдіріп, ақшалай сыйлық табыстады.
Кездесу барысында ректор өкілі м.а Нажи Генч Түркия мен Қазақстан арасында еркін күрес бойынша бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы талқылап, университет басшылығы бұл бастаманы жоспарға енгізілетінін жеткізді.
Кездесуге университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, Спорт-сауықтыру орталығының басшысы Еркебұлан Балғабаев және ҚР Құрметті спорт қызметкері, аға бапкер Қанат Тургараев қатысты.
Айта кетейік, Вьетнамда өткен чемпионатта университетіміздің 3-курс студенті Ернар Шілдебай 86 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлде иеленіп, халықаралық деңгейдегі екінші ірі жеңісіне қол жеткізді. Студентіміз бұған дейін Азия біріншілігінде қола медаль жеңіп алған еді.
Биыл күміс алған балуан, келесі жылы алтын алуды мақсат етіп отырғанын айтты. Ернар Шілдебай биыл ХІІІ Жазғы универсиадада белдесіп, бірден Вьетнамға жол тартқан болатын.
Ал әйелдер арасында белдескен студентіміз Тыныс Дубек 62 кг салмақ дәрежесінде қола жүлдені жеңіп алды. Спортшы студентіміз қазір Қырғызстанда оқу-жаттығу жиынында жүргендіктен ректордың қабылдауына келе алмады.
Вьетнамда өткен байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте Үндістаннан кейін ІІ орынға ие болды.