АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ БОТАНИКАЛЫҚ БАҚ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Мәжіліс депутатын университет ректоры Жанар Темірбекова мен вице-ректор Айнаш Ошибаева, сондай-ақ Ботаникалық бақ ұжымы мен Коммерцияландыру офисінің мамандары қарсы алды.
Сапар барысында бақтың құрылу тарихы, өсімдіктер мен ағаш түрлері, сондай-ақ қазіргі таңда жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жөнінде кеңінен мәлімет берілді. Мамандардың айтуынша, бақ аумағында оңтүстік аймақтың экожүйесіне тән, сирек кездесетін және жергілікті климатқа бейімделген өсімдіктер өсіріліп келеді.
Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ, бақ жанындағы Жеміс-жидектерді өңдеу цехінің жұмысымен танысты. Мұнда ол кептірілген өнімдердің дайындалу барысын көзбен көріп, өндіріске қолданылатын заманауи техникалық жабдықтарды қарап шықты. Мамандар дайын өнімнің сапасы мен табиғилығына баса мән берілетінін айтып, кептірілген жемістердің дәмін татқызып көрсетті.
Депутат өз кезегінде Ботаникалық бақтың ғылыми, экологиялық және кәсіптік әлеуетіне жоғары баға беріп, мұндай бастамалардың өңірлік даму мен жас ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор екенін атап өтті.