ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕМТИХАНДАР БАСТАЛДЫ

Жалпы университетімізде шығармашылық бағыт бойынша 10 білім беру бағдарлама тобы бар. Қазіргі таңда аталған емтиханға 642 талапкер құжат тапсырған. Талапкерлердің ең көп таңдаған мамандықтар тізімін – «Дене шынықтыру мұғалімі», «Дінтану» және «Теология» бағыттары бастады.
Жанар Темірбекова мен Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов «Театр өнері», «Журналистика және репортер ісі», «Музыкалық өнер», «Көркем еңбек және сызу» мұғалімдерін даярлау бойынша өтіп жатқан шығармашылық емтихандарды аралады. Әр мамандықтың өз ерекшелегіне сай қойылған талаптары мен шығармашылық тапсырмаларымен танысты. Сахна төрінде түрлі кейіпке енген болашақ актерлар мен күмбірлете күй шертіп, ән шырқан әншілер, ақ параққа кескін сызған суретші, дизайнерлердің талантына тәнті болды.
Айта кетейік, барлық мамандық бойынша шығармашылық емтиханның комиссия құрамында оқу ордамыздың белгілі оқытушы-профессорлары ғана емес, өз ісінің майталманына айналған облыс пен елімізге белгілі мамандар бар. Олардың қатарында «Театр өнері» бойынша Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан мен Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды-драма театрының директоры Арман Алиев бар. Ал, «Журналистика және репортер ісі» мамандығы бойынша профессор Бекжігіт Сердәлі бастаған журналистер қауымы талапкерлердің білімі мен қабілетін бағалауда.
Ашықтық пен сенім, әділдік пен адалдықты ту еткен университетімізде шығармашылық емтихандар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біліктілік пен еңбекқорлық басты миссиясына айналған оқу ордамызда, осы қасиеттерді бойына сіңірген кезекті буын білім алмақ. Бұл туралы тілге тиек еткен ректорымыз барша талапкерге сәттілік тіледі. Болашақ студенттерді оқу орда төрінде күтетінін айтып, ізгі ниетін білдірді. Осылайша жастардың шабыттары шалқып, сүйген мамандықтарының кәсіби маманы болуына тілектес екенін жеткізді.