❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«АТА ЗАҢЫМ - АЙБАРЫМ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

  • 16.09.2025
  • KZ
  • 26

image

Университетімізде Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған «Ата заңым - айбарым» атты мерекелік концерт өтті.

Шараның мақсаты – еліміздің басты құжаты саналатын Ата Заңымыздың тарихи маңызын айшықтап, патриотизмді насихаттау және мәдени байланысты нығайту.

Мерекелік жиын шымылдығын ректор Жанар Темірбекова ашып, құттықтауын жеткізді. Ректор «Адам құқықтары идеясының эволюциясы: Ясауидің рухани мұрасынан ҚР-ның Конституциясына дейін» тақырыбында баяндама оқыды.

«2025 жыл – еліміздің тарихындағы үлкен белес. Осыдан отыз жыл бұрын қабылданған Ата Заңымыз бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігі мен демократиялық дамуының іргетасы болды. 

Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол қоғамның құндылықтар жүйесін айқындайтын тарихи бағдаршам.

Адам құқығы идеясы – өткеннің де, бүгіннің де құндылығы. Ол – Фарабиден Ясауиге, Ясауиден Абайға, Абайдан Конституцияға жалғасқан алтын арқау»,-деді ректор.

Ал ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Бүгін сіздермен Қазақстан Республикасының Ата заңына 30 жыл толуына орай меркелік іс-шарада басқосқанымызға қуаныштымын! 

1991 жылы Тәуелсіздігін алған Қазақстан 1995 жылы Конституциясын қабылдады. Егеменді елдің сенімді, бақытты өмір сүруі үшін Заңы болғаны үлкен рөл ойнайтыны анық. Бүгінде Қазақстан қиын күндерін артта қалдырып, әлемге танылған мықты мемлекетке айналды. Баршаңызға ҚР-ның Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толу мерейтойы құтты болсын!»,-деді. 

Келесі кезекте, университетіміздің бірқатар оқытушы-профессоры, ғалымдары мен қызметкерлері ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет» грамотасы және Алғыс хатымен, сондай-ақ «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ғылым саласында елеулі еңбек етіп жүрген жандардың марапатын ректор мен ректор өкілі салтанатты түрде табыстады.

Көңілді кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі «Егемен Қазақстан» мен Дәулеткерейдің күйі «Көроғлыны» орындап, көрермен қауымға рух берді.

Ал «Би-Сұлтан» би ансамблі сахна төрінде қазақ биі – «Көңілашар» мен түрік биі – «Халайды» қойды. Сонымен қатар, оқу ордамыздың өнерлі студенттері ән салып, жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік кеш соңында Орындаушылық өнер кафедрасының студенттерінен құралған хор «Атамекен» әнін шырқады. Көрермендер де әнді қосыла шырқап, қошемет көрсетті.