❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАН: ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

  • 18.09.2025
  • KZ
  • 26

image

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауын талқылауға арналған маңызды семинар өтті.

Басты мақсат – жолдаудың маңызын терең түсініп, жастарға, әсіресе студенттерге оның мән-мазмұнын жеткізу. Сонымен қатар, болашаққа бағдар болар ой-пікір қалыптастыру.

Жиынның модераторы – Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов болды. Ал Құрмет орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы Баян Адырбек пен «Шұғылалы таң» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы, «Qazaqstan dauiri» халықаралық, қоғамдық-саяси газетінің Түркістан облысы бойынша үйлестіруші координаторы Дана Орманова спикер ретінде тың ойларын жеткізді.

Семинарда сөз бастаған вице-ректор Еділ Төлегенов: «Құрметті студенттер, бүгінгі семинар сіздер үшін ерекше мүмкіндіктерге жол ашпақ. Біз жолдауда айтылған бастамаларды бірлесе талқылап, әр саладағы өзекті мәселелерге ғылыми тұрғыдан баға беріп, жаңа ұсыныстарды ортаға саламыз. Сіздер – болашақтың иесісіздер! Ал болашақ қашанда технология, білім мен еңбекпен байланысты.

Жолдауда көтерілген басты мәселелердің бірі – адами капиталды дамыту. Жасанды интеллект дәуірінде тек технологияның өзі ғана емес, оны дұрыс пайдалана білетін, сыни ойлайтын, жаңа білімді игеруге қабілетті жастар аса қажет. Президентіміз студенттер мен оқушыларға, ғылыми қауымдастыққа зор сенім артып отыр»,-деді.

Келесі кезекте, «Мемлекет басшысы өз жолдауында ел дамуына қажетті көптеген бағыттарды атап өтті. Соның ішінде, ең бастысы – Жасанды интеллектті дамыту мәселесіне тоқталды. Әлемде Жасанды интеллект үздіксіз даму үстінде. Ол – тек технологиялық құрал емес, болашақтың тілі, жаңа өркениеттің негізі. Қазақстанда бұл үдерістен тыс қалмауы тиіс. Сондықтан, жалындаған жастар жаңаны үйреніп, білім мен ғылым арқылы мемлекетті дамытуға атсалысуы керек»,-деді Баян Адырбек.

Дана Орманова да еліміздің қазіргі жас буынға үлкен үміт артып отырғанын жеткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауда атаған мәлелерін шешу мен ары қарай дамытуға белсене араласу әр азаматтың борышы екенін айтты.

Жиын соңында студенттер спикерлердің құнды пікірлері үшін алғыстарын білдірді.