❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ЧЕМПИОН СТУДЕНТІМІЗ ЕЛГЕ ОРАЛДЫ

  • 19.09.2025
  • KZ
  • 169

image

Бүгін Түркістан халықаралық әуежайында Ахмет Ясауи университетінің студенті, еркін күрестен ересектер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Асылжан Есенгелдіні салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті.

Еске сала кетейік, Асылжан Хорватия астанасы Загреб қаласында өткен байрақты бәсекеде 61 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап, әрбір белдесуде табандылық танытты. Қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде америкалық қарсыласынан басым түсіп, Түркістан облысының еркін күрес тарихында ересектер арасындағы Әлем чемпионатынан жүлде алған алғашқы спортшы атанды.

Әуежайдағы кездесуге оқу ордамыздың Спорт-сауықтыру орталығының бапкерлері мен Спорт факультетінің басшылығы мен студенттері, жанкүйерлер жиналып, жеңімпазымызға шапан жауып, ыстық ықыластарын білдірді. 

Университет атынан сөйлеген өкілдер Асылжанның бұл жетістігі жас буынға үлгі болып, спортшыларға жаңа серпін беретінін атап өтті.

Асылжан да өз кезегінде бапкерлеріне, университетке және барша жанкүйерлерге алғысын білдіріп, алдағы жарыстарда да ел намысын лайықты қорғауға уәде етті.

Ахмет Ясауи университетінің ұжымы Асылжанды және бапкерлерін тағы да шын жүректен құттықтап, алдағы халықаралық сайыстарда жеңісті күндері көп болсын деп тілейді!