❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ: УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ СТУДЕНТТЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

  • 26.09.2025
  • KZ
  • 183

image

Бүгін Түркістан қаласында Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында Қолөнершілер қалашығы ашылып, халықаралық «Turkistan World Craft Fest» фестивалі өтті. Бұл шараға әлемнің бірнеше мемлекетінен келген 100-ден астам шебер және еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық қолөнершілер қатысты.

Халықаралық фестиваль аясында біздің университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері де белсенділік танытып, өздерінің қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. 

Сонымен қатар өнерлі студенттер сахнада ұлттық өнерімізді паш етіп, қонақтарға мәдени бағдарлама ұсынды.

Мұндай ауқымды шараға университетіміз өкілдерінің қатысуы – жастарға тәжірибе алмасуға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға және ұлттық дәстүрлерімізді халықаралық деңгейде танытуға үлкен мүмкіндік болды. 

Фестиваль барысында қолөнершілер керамика, ағаш және былғары өңдеу, тоқыма, кілем тоқу, зергерлік өнер секілді ұлттық қолөнердің сан алуан үлгілері ұсынды. Ал этно сән үлгілері көрсетілімі мен концерттік бағдарлама кештің мазмұнын байытты.

Айта кетейік, жаңадан ашылған Қолөнершілер қалашығы кешені – ұлттық қолөнерді жаңғырту, туризмді дамыту және шеберлерге қолдау көрсету мақсатында жүзеге асқан бірегей жоба. 

2,5 гектар аумақты алып жатқан кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. 20 шеберхана, көрме залдары, 2 шоурум, мейрамхана, қонақүй және туристік инфрақұрылымы бар қалашық 2,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда шеберлер ұлттық нақыштағы бұйымдарын жасап, көпшілікке ұсынып қана қоймай, тежірибе алмасады.

Түркістанның «Қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие болуы – өңіріміздің тарихи-мәдени мұрасын әлемге танытудың, туризмді дамытудың және ұлттық дәстүрді жаңғыртудың айқын қадамы. 

Осындай ауқымды іс-шараға қатысып, қолөнер мен өнерді дәріптеуге үлес қосу – біздің университет үшін үлкен мәртебе.