«AYU FEST – 2025»: 1-КУРС СТУДЕНТТЕРІН ҚАРСЫ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

Басты мақсат – студенттерді университет өмірі және дәстүрлерімен таныстыру, жаңа ортаға бейімдеу.
Айта кетсек, 2025-2026 оқу жылында 2500-ге жуық жас білімгер Ахмет Ясауи университетінің студенті атанды.
Мерекелік кеш қазақ халқының ұлы ақынына арналған «Абай» қойылымымен басталды. Басты кейіпкер сахна төрінде дана ағартушының «Толық адам» ілімін насихаттайтын қара сөздерін оқыды. Ал студенттер хоры «Көзімнің қарасы» әнін орындап, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Одан кейін факультеттер шеруі өтті. Онда әр факультет өз бағытындағы жетістіктері мен әлеуетін таныстырып, шығармашылық көрініс көрсетті.
Салтанатты кештің шымылдығын университет ректоры Жанар Темірбекова ашып, студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен және өмірлеріндегі маңызды кезеңмен құттықтады:
«Құрметті қонақтар мен әріптестер, сүйікті студенттер! Өздеріңіз білетіндей, оқу ордамызда академиялық, ғылыми және әлеуметтік-мәдени бағыттағы көптеген маңызды іс-шаралар өткізіледі. Соның ішінде бүгінгі кештің орны ерекше.
Құрметті 1-курс студенттері, оқу ордамызға, Ясауи отбасының шаңырағына қош келдіңіздер! Бұл – екі мемлекеттің ынтымағының арқасында бой көтерген үлкен шаңырақ. Біздің университет – күллі түркі әлемінің тоғысқан ортасы. Сіздерге осы ортада өз ісінің маманы ретінде, сапалы білім алып шығуларыңызды тілеймін!»,-деді ректор.
Ал ректор өкілі м.а, профессор Нажи Генч өз сөзінде жастардың білім мен мәдениетті ұштастыра білуінің маңызын атап өтті.
«Бүгінгі 1-курс студенттерін қарсы алу кешінің маңызы зор. Құрметті студенттер, сіздер барда университет болады. Оқу ордамыз үшін әр білімгер қымбат! Сіздер тек білім сапасын ғана емес, түркі мемлекеттерінің мәдениеті мен руханиятын танытатын жансыздар. Алдағы уақытта білім-ғылым жолында тек сәттілік тілеймін!»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.
Құттықтау тілектерден соң, университет басшылығы студенттерге «Білім кілті» мен «Студенттік билет» табыстады. Сонымен қатар, спорт саласында ел мерейі мен оқу орда атын асқақтатып жүрген әлем чемпиондарын марапаттады. Жаһандық додаларда топ жарған спортшыларға университет атынан қаржылай сый-сияпаттар берді.
Келесі кезекте, 1-курс атанған студенттеріміздің ант қабылдау рәсімі өтті. Олар болашақта мықты маман болуға, сол жолда сапалы білім алуға ант берді.
Концерттік бағдарламаға ұласқан көңілді кеште студенттер өз өнерлерін ортаға салды. Студенттік декандар мен өзге де белсенді, өнерлі студенттер ән шырқады. Университеттің түркітілдес халықтарынан жиналған студенттері ұсынған «Достық» биімен көптің қошеметіне бөленді.
Көпті қызықтырып, маңызды кештің жұлдызды қонағы болған – Yenlik әуезді әндерімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жыл сайын 1-курс студенттерін шат-шадыман көңілмен, құшақ жая қарсы алатын кеш соңында жастар оқу орда басшылары мен ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.