«УАҚЫТТЫ ЕҢСЕРГЕН МҰРА – ЖІБЕК ЖОЛЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

Көрменің басты мақсаты – Жібек жолының тарихи маңызын көрсету, ежелгі сауда жолының мәдени, экономикалық және өркениеттік рөлін таныстыру. Сонымен қатар, мәдени мұраны насихаттау арқылы Жібек жолы бойындағы халықтардың өнері мен тарихи жәдігерлерінен сыр шерту.
Бұл көрмеде Түркия, Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Пәкістан, Сирия мен Ираннан арнайы 41 шебердің өнер туындылары қойылды. Көрмеде каллиграфия, иллюминация, миниатюра, қолмен ағаш ою, інжу-маржанды инкрустациялау, металл ою, асыл тастар және эксклюзивті Жібек жұмыстарынан тұратын ерекше дүниелерді тамашалауға болады.
Жиынның ашылу салтанатында сөз бастаған Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Левент Гүржан: «Бүгінгі іс-шараның, айтулы көрменің маңызы зор. Себебі, Жібек жолының тарихи және мәдени мұрасын дәріптеп, түркі әлемінің келешекке мирас еткен өнер туындыларын танытуда. Көрмеге өз үлесін қосқан барша қатысушыларға, өнерлі шеберлерге алғыс айтамын. Ал, іс-шараның өтуіне атсалысқан университет басшылығы мен ұжымына ризашылығымды білдіремін!»,-деді.
Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті біздің қонақтар, сүйікті студенттер! Бүгін университетіміздің Мәдениет орталығында кезекті маңызды іс-шара өтуде. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Жібек жолы дегенде жүрегі елең етпейтін түркі жоқ. Себебі, Жібек жолы – біздің терең тарихымыздың ең үлкен, әрі ең маңызды мұраларының бірі.
Көрмені ұйымдастырушылар мен шеберлерге алғыс айтамыз. Бұл көрмені тек біз ғана емес, өзге де көптеген көрермен тамашалауын тілеймін. Студенттерімізде көрмеден рухани азық алады деп ойлаймын»,-деді.
Ректор өкілі м.а Нажи Генч те көрменің маңызы мен Жібек жолының терең тарихын, оны сақтау біз бен келер ұрпаққа міндет екенін жеткізді.
Жоба авторы, Адам және мәдениет қозғалысы Өнер бөлімінің меңгерушісі Мерием Гүней: «Біздің мақсатымыз – ғалымдар мен суретшілерді біріктіріп, ортақ құндылықтарымызды анықтау, болашақта жүзеге асыратын бірлескен жобаларға жол ашу және ғылым мен өнер әлеміне жаңа туындылар енгізу.
Біз бүгінге дейін Жібек жолының тарихын, оның картасын, маңызды орталықтарын, діні мен ойын, ғылым мен өнерді, тіл мен әдебиетті, сәулет пен сауданы жан-жақты қамтитын баяндамалары бар симпозиумдар мен панельдер өткіздік. Сонымен қатар, осыған қатысты құрметті ғалымдарымыздың сөздерінен тұратын симпозиум кітабын дайындадық. Менің ойымша, мұндай жобалар түркі мемлекеттерін одан әрі жақындата түседі. Сондықтан, бізге қолдау көрсеткен мекемелерге және Ахмет Ясауи университетінің ұжымына алғыс айтамын!»,-деді.
Құттықтау тілектерден соң, Бас консул Левент Гүржан мен ректор Жанар Темірбекова, ректор өкілі м.а Нажи Генч пен Мерием Гүней көрме лентасын салтанатты түрде қиды. Қонақтар көрмені тамашалап, естелікке суретке түсті.
Бұл іс-шара елімізде «2025 – Жұмысшылар жылы» деп жариялануымен де үндесіп, өз еңбегімен мәдени мұраны ұрпаққа жеткізіп жүрген өнер шеберлеріне деген құрметті айқын көрсетті. Жібек жолы бойындағы шеберлердің қолтаңбасы – тек тарихи мұра ғана емес, еңбек адамының шығармашылық қуаты мен табандылығының дәлелі.
Айта кетейік, алдағы күндері шеберлер арнайы шеберлік сағаттар өтіп, ғалымдар маңызды баяндамалар оқиды. Көрме 25-қазанға дейін дейін жалғасады.