УНИВЕРСИТЕТ ҚҰРАМАСЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІ СПОРТТЫҚ ОЙЫНДАРЫНДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНАН КӨРІНДІ

Манас атындағы қырғыз-түрік университетінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған Түркі мемлекеттері ұйымы қауымдастығының университеттері арасындағы дәстүрлі ІІ халықаралық спорттық ойындарында оқу орнымыздың құрамасы табысты өнер көрсетіп, жалпы жүлде қоры бойынша үздіктер қатарынан көрінді.
Бішкек қаласында өткен додаға 15-тен астам түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындары қатысып, білім мен спорттағы бауырлас елдердің достығын нығайта түсті.
Жарыстың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтіп, түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдени құндылықтары дәріптелді. Салтанатты рәсімде ұлттық музыка мен би қойылымдары орындалып, қатысушылар бауырлас елдердің рухани бірлігін сезінді.
Байрақты бәсекеде Ясауи университетінің студенттері 1 алтын, 10 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.
Университеттің 20-дан астам спортшы студенті тоғызқұмалақ, мангала, алыш күресі, шалвар күресі, мас-рестлинг(таяқ тартыс), қырғыз күресі және садақ ату секілді спорт түрлерінде бақ сынады. Айта кетерлігі, студенттердің басым бөлігі өздерінің негізгі спорт түрінен емес, жарысқа енгізілген бауырлас түркі елдерінің өзге бағыттағы ойындарына қатысып, университет намысы үшін аянбай тер төкті. Биыл 1 курсқа қабылданған спортшыларымыз табандылық, рух пен ерік-жігер танытып, лайықты бәсекелестік көрсете білді.
Жарыс барысында ясауилік жастар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, қазақ халқының мәдениеті мен ұлттық ойындарын да насихаттап, түркі елдері арасындағы достық пен бауырластық рухын арттыруға ықпал етті.