«ТҮРКІСТАННЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ» АТТЫ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ
Бүгін университетімізде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, ұлағатты ұстаз Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің өмірі мен еңбегін ұлықтауға арналған «Түркістанның төл перзенті» атты еске алу шарасы өтті.
Іс-шара ұлағатты ұстаздың ғибратты ғұмыры мен қайраткерлік қызметін өскелең ұрпаққа насихаттау және ардақты есімін мәңгі есте сақтау мақсатында ұйымдастырылды. Шара университетімізде ашылған Серік Пралиев атындағы конференция залында өтті.
Серік Жайлауұлы 2003–2007 жылдары университетіміздің ректоры қызметін атқарып, саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнаған. Ол өзін білікті басшы, ұлағатты ұстаз және өнегелі тұлға ретінде таныта білді.
Ардақты азаматты еске алуға арналған жиынға университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, Серік Жайлауұлының отбасы, ғалымды көзі тірісінде таныған зиялы қауым өкілдері, әріптестері, достары мен шәкірттері қатысты.
Рухани шараны Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек ашып берді. Ол өз сөзінде: «Серік Жайлауұлының көшбасшылығы мен адалдығының арқасында біз көптеген жетістіктерге жеттік. Өмір бар жерде өлім де бар, бірақ оның еңбегі мен адамдық болмысы ұмытылмайды. Ахмет Ясауи атындағы университет – тек білім мен ғылымның ордасы ғана емес, ол бауырластық пен рухани байланыстың символы. 2008 жылы Серік Жайлауұлымен алғаш танысқан сәтім есімде. Сол кезде ол маған: «Қазақстан мен Түркияның ортақ білім беру орталығы – осы университет. Біз бұл орданың болашағына сенеміз», деген еді. Міне, содан бері 18 жыл өтті. Түркі халықтарына тән қасиет – көңіл мен адалдық, ал Серік Жайлауұлы осы қасиеттердің айқын үлгісі болды. Ол өз ісіне де, еліне де адал қызмет етті. Бүгін біз оның еңбегін құрметпен еске алып, сол адалдық пен жауапкершілік жолын жалғастыруға жиналып отырмыз», – деді.
Келесі сөзді университет ректоры Жанар Темірбекова жалғастырды:
«Мұхиттин мырза өте әсерлі айтты – расында да Серік ағамыздың тұлғалық қасиеті мен университетке сіңірген еңбегі, шәкірттеріне қалдырған өнегесі бәрімізге үлгі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген «Адал адам» ұғымы дәл осындай азаматтарға арналған деп білеміз. Серік ағамыз өмірде қандай жақсылықтың жаршысы болса, дүниеден өткеннен кейін де игі істерге себепші болып келеді. Соның бір дәлелі – 2023 жылдың қыркүйегінде Серік ағамыздың атына конференция залын аштық. Одан кейін бұл дәстүр әдемі жалғасын тауып, университетімізге еңбегі сіңген тұлғалардың ардақты есімі берілген дәрісханалар саны артты. Театр тарланы, ұстаз Райымбек Сейтметов, академик Лесбек Ташимов, профессор Сейітхали Мадуанұлы және профессор Сапарбек Ергөбек атындағы және т.б. дәрісханалар ашылды. Бұл – ұлт ғылымы мен руханиятына еңбегі сіңген тұлғаларға деген құрметтің айғағы. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, осындай бастамалардың бастауы болған Серік ағамыздың өнегелі жолы бізге үлгі. Сондай-ақ осы дәрісхананы ашуға бастамашы болған ағамыздың жары София ханымға ерекше алғыс білдіреміз», – деді ректор.
Бұдан әрі Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жары София Суюнбаеваға өз ықыластарын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.
Шара әріптес-достарының Серік Жайлауұлы туралы жарқын естеліктерін еске алуымен жалғасты. Басқосуға жиналған өзге де қонақтар Серік Жайлауұлының ғылым мен білім дамуы жолында жасаған еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерін айтып, еске алды.
Еске алу жиыны аясында Серік Жайлауұлының өмірі мен ғылыми мұрасына арналған «Серік Пірәлиев. Өнегелі өмір», «Жайсаң жан» атты естелік кітаптар мен Серік Жайлауұлының қаламынан туған «Бәсекеге қабілетті білім үшін» еңбегінің тұсауы кесілді.
Сонымен қатар, ұстаздың білім жолындағы адалдығы мен ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін дәріптеу мақсатында оның атындағы арнайы стипендиялар табысталып, үздік 8 студент марапатталды.
Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің өнегелі өмір жолы, ұлт ғылымы мен білім саласына қосқан үлесі жас буынға үлгі болып қала бермек. Оның есімі мен еңбегі университет тарихында мәңгі сақталып, алдағы уақытта да игі істерге рухани серпін берері сөзсіз.