ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ МҰХИТТИН ШИМШЕК ДАЙЫНДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ТЫҢДАУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Кездесуде алғашқы сөз тізгінін алған Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек:
«Құрметті оқытушылар мен тыңдаушылар! Сіздермен Кентауда жолыққанымызға қуаныштымын! Біздің болашақ студенттер, тыңдашылар өз мемлекеттеріңіз бен отбасыларыңызды тастап, осында оқуға келдіңіздер. Араларыңызда алғаш рет туған топырақтаған алыстағандар да бар шығар. Бірақ, біз де алдағы уақытта сіздерге отбасындай қамқор болуға тырысамыз. Сіздер өмірлеріңіздің жаңа, әрі ең әдемі шағына аяқ бастыңыздар. Ахмет Ясауи университеті – тек оқу орда ғана емес, бұл бір отбасы, үлкен шаңырақ. Ал университет пен біз үшін ең маңыздысы – сіздер! Оқу орданың білім, ғылым және басқа да алаңдардағы барлық бастамасы да – тек сіздердің игіліктеріңіз үшін жасалады!»,-деді.
Сондай-ақ, студенттерді ата-ананы қадірлеп, өздері туып өскен Отаны мен білім алған оқу ордаларын ұмытпауға шақырды.
Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті оқытушылар мен тыңдаушылар, ең алдымен сіздермен кездескенімізге қуаныштымын!
Сіздер бұл жерде 1 жыл ішінде қазақ және түрік тілдерін жетік меңгеріп шығасыздар. Тек бұл тілдерді ғана емес, түркі әлемінен жиналған достарыңыздан әзербайжан, өзбек, қырғыз сынды өзге де тілдерді 80% үйреніп, түсінетін боласыздар. Оқу ордамыздағы ең үлкен құндылық та осы!
Университетіміз терең тарихы бар мекен. Алғашқы құрылған күнінен бастап, түркі әлемінің жастары киелі топырақ – Түркістанда білім алып келеді.Уақыт өте келе Кентау мен Шымкент, Алматы қалаларында корпустарымыз бой көтерді. Себебі, Қазақстан мен Түркия мемлекеттері университетімізге үлкен маңыз берді. Бұл оқу орданы әлем танып, түркі жастары білім алсын деген мақсат болды. Сондықтан бүгін өздеріңізді осы ортада көргеніме өте қуаныштымын!»,-деді.
«Университетіміз жыл санап көркейіп, дамып келеді.Құрметті тыңдаушылар, сіздер де осы оқу ордада есте қалатын, керемет академиялық жылдарыңызды өткізесіздер деп ойлаймын. Университетіміз тек білім беріп қана қоймай, түркі әлемінен жиналған жастардың ортасын қалыптастыратын ерекше жер. Мұнда түрлі ұлт пен ұлыстан, бауырлас мемлекеттерден келген достарыңызбен танысып, келешекте мықты маман болып шығасыздар деп сенемін. Оқу жолында тек сәттілік тілеймін!»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.
Тыңдаушылар оқу жылының басында өздерімен танысып, қолдау көрсетуге келген оқу орда басшыларына ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Дайындық орталығында түркі мемлекеттерінен келген 294 тыңдаушы бар. Олардың қазақ және түрік, ағылшын тілдерін оқып бастағандарына енді 1 ай уақыт болды.
Жиын соңында университет басшылары мен оқытушы-профессорлар және тыңдаушылдар естелікке суретке түсті.