❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ӘЗЕРБАЙЖАНДЫҚ ҮШЕМ МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДЫҚ ЕГІЗДЕР ҚАЗАҚ ТІЛІН ҮЙРЕНІП ЖҮР

  • 13.11.2025
  • KZ
  • 59

image

Халықаралық университетімізде 30 жылдан астам уақыттан бері Түркі әлемінен жиналған жастар білім алады. Оқу ордамызда қазақ тілін үйрену үшін бауырлас елдерден жыл сайын түрлі тыңдаушылар келеді. Биыл олардың қатарында Әзербайжаннан келген үшем мен қырғызстандық егіздер де бар.

Үшемдердің аты-жөні – Зехра, Эсра, Лала Азизовалар, ал егіздер – Батма мен Зуура Акканалиевалар. Аталған тыңдаушылар қазіргі таңда университеттің Дайындық орталығында оқиды. Мұнда олар қазақ тілін үйреніп жүр. Тілді үйреніп жүргендеріне 1 ай ғана болса да, сөйлем құрап, ойларын еркін жеткізеді. Бұл орталықта оқу орданың ішкі грантына (квота) ие болған түркі мемлекеттерінің жастары оқиды. Қазақ тілімен қоса, түрік және ағылшын тілдерін меңгереді.

 «Қазақстанда жоғары білім алуды таңдауымызға бірнеше себеп бар. Ең басты себеп – түркі мемлекеттерінен келген студенттермен танысып, ортақ мәдениетіміз бен тарихымызды тереңнен танығымыз келді. Сондай-ақ, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда білім алуды үлкен мәртебе санаймыз!»,-дейді тыңдаушылар.

Үшем мен егіздерді бір-бірінен ажырату бастапқыда оқытушылар мен курстас достарына қиынға түскен. Қыздар сабақ үстінде оқытушыларына оңай болуы үшін өз есімдерін қағазға жазып қоюды әдетке айналдырған. Тыңдаушылардың мұндай қызықты идеясын ұстаздары да қолдайды.

Оқытушыларының айтуынша қыздардың жаңа тілдерді үйренуге деген ынтасы жоғары. Зехра, Эсра мен Лала курстастарына түрік тілін меңгеруге көмектессе, қазақ тіліне жақын өскен қырғызстандық Батма мен Зуура достарына қазақша үйренуге көмектесіп жүр. Бұл – білімгерлердің бауырмалдығы мен ынтымағының жарқын көрінісі.

Үшем мен егіз қыздар университетіміздің Дайындық орталығын аяқтаған соң, түрлі мамандық бойынша білім алуды жоспарлап отыр. 

«Түр-сипатыз бірдей болғанымен, біз таңдаған мамандық жолдары әртүрлі. Арман-мақсаттарымыз бөлек»,-дейді қыздар. Бірі психолог, бірі дәрігер, енді бірі мұғалім болуды қалайды.

Айта кетейік, Дайындық орталығында қазіргі таңда түркі мемлекеттерінен келген 296 тыңдаушы бар. Олар бір жыл көлемінде тіл үйреніп, арнайы емтиханнан өткен соң таңдаған мамандығы бойынша білімін жалғастырады.