❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«АРАБ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕРІ» АТТЫ СЕМИНАР БАСТАЛДЫ

  • 17.11.2025
  • KZ
  • 42

image

Бүгін Теология факультетінде «Араб тілін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдері» атты семинар басталды. Іс-шараны  Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Сауд қайырымдылық қоры мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО)  бірлесе ұйымдастырды. 

Аталмыш семинар Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Саудтың халықаралық тілдік дайындық жобасы аясында өтуде. Бұл жоба – араб тілін үйретудегі жаңа инновациялық тәсілдерді талқылау және тәжірибе алмасуға бағытталған халықаралық маңызы бар шара. Теология факультетінің араб тілі оқытушылары бағдарлама аясында кәсіби біліктіліктерін арттырады. 

Осы мақсатта оқу ордамызға Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Сауд қайырымдылық қорының бас директорының орынбасары Доктор Абдул-Азиз Әл-Мақуши мен ИСЕСКО ұйымының өкілі доктор Әнәс Хусам ән-Нұғайми бастаған делегация келді.

Қонақтар мен университет басшылығы факультет оқытушылары мен студенттерімен кездесті.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Естеріңізде болса, осы залда қыркүйек айында ИСЕСКО Бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Мәлик мырзамен ресми кездесу өткен болатын. Сол кездесуде Теология факультетінің оқытушылары араб тілі бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдірген еді. Бүгін сол игі бастама нақты іске айналып отыр. Осы орайда, көрсеткен қолдауы үшін ИСЕСКО ұйымына және әріптестерімізге алғысымызды айтамыз.

Университет ИСЕСКО ұйымымен де белсенді ынтымақтастық орнатуды жолға қойып келеді. Бүгінгі семинар соның айғағы. Алдағы уақытта да бұл байланыс жаңа жобалармен жалғасады деп сенемін»,-деді.

 «Әр тіл – бір адамды, бір мемлекетті танытады. Сондықтан Теология факультетінде оқытушыларымыздың араб тілінен кәсіби біліктіліктерін арттыруға бағытталған бұл бағдарламаның берері мол деп ойлаймын. Осы тұста бағдарламаны ұйымдастырушы қонақтарымызға ризашылығымды білдіремін!»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.

Келесі кезекте,  Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Сауд қайырымдылық қорының бас директорының орынбасары Доктор Абдул-Азиз Әл-Мақуши:

«Бүгін ерекше сезімде отырмын.Тамыры тереңге бойлаған университетте сіздермен кездескеніме қуаныштымын! Сауд Арабиясы араб тілін дамытуға, өзгелерге үйретуге үлкен мән береді. Біздің университеттерде оқитын студенттердің 100-ден 10%-ын шетелдік студенттер құрайды.  Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Сауд қайырымдылық қоры араб тілінің кең таралуына, өркендеуіне  үлес қосады. АҚШ, Италия,Ұлы Британия мен Ресейде араб тілі орталықтарын аштық. Бұл орталықтар аталмыш мемлекеттердің ең беделді университеттерінде жұмыс істейді»,-деді.

Сонымен қатар жиын барысында ИСЕСКО ұйымының өкілі доктор Әнәс Хусам ән-Нұғайми мен ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссия бас хатшысының орынбасары Бақберген Қойшыбаев семинардың маңызы туралы ойларын бөлісті. Бағдарламаның жүзеге асуына мұрындық болған оқу орда басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, Сұлтан ибн Абдул-Азиз Әл-Саудтың халықаралық тілдік дайындық жобасы аясында оқытушыларымыз 20-қарашаға дейін арнайы араб тілі семинарларына қатысады.