ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС ЖИЫНЫ ӨТТІ
Жиын модераторы – Халықаралық байланыстар департаментінің директоры Фуркат Дадажанов болды. Ал спикерлерінің қатарында: Түркістан облысы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің Полиция подполковнигі Акан Сапарбеков пен Көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Гүлзейнеп Қаражігітова, университетіміздің Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу мен Әлеуметтік мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов бар.
Алғашқы сөзді бастаған Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу : «Құрметті студенттер, өздеріңіз білетіндей мен де оқу ордамызда шетелдік азамат ретінде қызмет атқарамын. Ал сіздер – студентсіздер. Біз қазір шетелде өмір сүрудеміз. Әр елдің заңы әртүрлі. Сондықтан осы елдің, яғни Қазақстанның заңына бағынуымыз керек. Сіздердің алдағы уақытта қате әрекеттерге бармауларыңыз үшін әрі заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында бүгінгі іс-шара ұйымдастырылды»,-деді.
«Құрметті студенттер, сіздер студент ретінде Қазақстанға білім алуға келдіңіздер. Ахмет Ясауи университеті – түркі әлемі жастарының басын қосқан білім ордасы. Әлемнің 17 елінен көптеген ұлт-өкілдері білім алады. Университетке келген күннен бастап, елдің заңнамасына, оқу орданың бекітілген ережелеріне бағыну шарт. Мемлекет заңы мен оқу орда ережесіне бағынбағандарға жаза қолданылады. Заң жалпыға ортақ. Жат қылыққа бармай, бүгінгідей жиындарда ақпараттар алуға тырысу керек»,-деді Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов.
Полиция подполковнигі Акан Сапарбеков студенттерді тәртіп сақтап, жаман әрекеттерге бармауға шақырды. Өздеріне сенім артқан ата-ананың үмітін ақтап, тек сапалы білім алуға ден қоюдың маңызын саралады.
Полиция майоры Гүлзейнеп Қаражігітова қатысушыларға Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын түсіндірді.
Семинарда спикерлер шетелдік студенттердің ҚР аумағында тұру ережелері мен виза және тіркеу тәртібі, уақытша тұру куәліктері туралы ақпараттар берді. Сонымен қатар, шетелдік білімгерлерге құқықтық кеңестер айтылды. Оқу визасын рәсімдеу және тіркеу мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.