❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «QS EURASIA FORUM» ШАРАСЫНА ҚАТЫСУДА

  • 25.11.2025
  • KZ
  • 92

image

Университет ректоры Жанар Темірбекова мен вице-ректорлар Эльмира Идрисова мен Айнаш Ошибаева Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан «QS Eurasia Forum» атты алғашқы ірі білім форумына қатысып жатыр. 

Іс-шараны жоғары білім беру саласындағы халықаралық сарапшы, әлемдегі ең беделді университеттер рейтингтерінің бірі – QS World University Rankings құрастырушысы QS Quacquarelli Symonds ұйымы ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – Еуразиялық кеңістікте жаһандық білім беруді ықпалдастыру жолдарын талқылау.

Жиынға Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Венгрия, сондай-ақ Еуропа мен Таяу Шығыс мемлекеттерінен 300-ден астам делегация қатысып жатыр. Ал Қазақстанның білім мен ғылым өкілдерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастап барды.

Орталық Азия өңірі қазір жаһандық білім кеңістігіндегі позициясын жүйелі түрде күшейтуде. Осы ретте форум аймақтың академиялық әлеуетін, мәдени алуан түрлілігін және стратегиялық маңызын негізге ала отырып, өңірді біртұтас әрі бәсекеге қабілетті жоғары білім брендіне айналдыру мүмкіндіктерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.

Аталмыш форум қатысушы университеттерге: QS халықаралық сарапшыларынан аналитикалық мәліметтер мен өзекті білім алмасу, Еуразия мен Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарымен кәсіби байланыстарды нығайту, сондай-ақ өз білім беру ұйымдарының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік бермек. 

Жиынның алғашқы күнінде сарапшы мамандар халықаралық серіктестік, жоғары оқу орындарының өзара әрекеттестігі және қазіргі трендтерге қатысты маңызды баяндамаларын оқыды. 

Айта кетейік, форум жұмысы 26-қараша күні де жалғасады.