Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    AI-JAN ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМАСЫН ЕНГІЗУ ЖӨНІНДЕГІ ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

    Оқу ордамызда «AI STARTUP HUB» инновациялық офисінің ашылуы салтанатына орай, университет мамандары әзірлеген AI-Jan цифрлық платформасын өңірлік деңгейде іске қосу жөніндегі ведомствоаралық меморандумға қол қойылды.

    Құжат Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру, сондай-ақ өңірде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік маңызы бар салаларға енгізу бағытындағы басым міндеттерді жүзеге асыру мақсатында қабылданды.

    Меморандумға қол қою рәсіміне Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Арыстанғани Заппаров, Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Аян Ақбердиев, Түркістан облысы Білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, университет ректоры Жанар Темірбекова қатысты.

    Айта кетейік, AI-Jan – білім беру ұйымдарындағы буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану, құқықбұзушылық тәуекелдері және суицидтік қауіптерді ерте анықтауға арналған профилактикалық цифрлық платформа. Платформаның басты ерекшелігі – толық анонимді хабарлама қалдыру мүмкіндігі және тәуекелдерді ЖИ арқылы талдау. Бұл тәсіл жасырын тәуекелдерді ерте кезеңде анықтап, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

    Ал меморандумның басты мақсаты осы AI-Jan платформасын Түркістан облысының мектептері мен колледждерінде кезең-кезеңімен енгізуге арналған ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекіту, тәуекел сигналдары бойынша жедел әрекет ету тетіктерін айқындау. Сондай-ақ, профилактикалық жұмысты жүйелеу. 

    Жоба жасанды интеллект негізіндегі талдау арқылы тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, жасырын қауіптерді алдын ала көруге және ведомстволардың өзара әрекетін нақты уақыт режимінде үйлестіруге бағытталған.

    Аталған меморандум өңірдегі білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыруға, балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және буллинг пен өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүйелеуге мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, жиын аясында университеттің стартап экожүйесін халықаралық деңгейге шығару мақсатында АҚШ-тың Silicon Valley экожүйесінде тіркелген, 13 жылдық тәжірибесі бар қазақстандық стартапер Ардақ Құсайынова негізін қалаған ATARINO компаниясымен онлайн форматта бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге қол қойылды.

    ATARINO компаниясы – AI және технологиялық стартаптарды дамыту, акселерациялық бағдарламаларды іске асыру және стартаптарды халықаралық нарыққа шығаруға бағытталған тәжірибесі бар компания. Silicon Valley сарапшылары мен менторларының желісіне сүйене отырып, жобаларды инвестиция тарту және пилоттық келісімдерге дейін сүйемелдейді. 

    Бұл келісімнің мақсаты – университеттің стартап экожүйесін халықаралық деңгейге шығару. Сондай-ақ, тәжірибе алмасуға, бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруға және отандық стартаптарды халықаралық нарыққа шығару.

    Жүзеге асқан келісімдер мен қабылданған бастамалар университетіміздің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға, өңірдегі білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыруға және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға берік негіз қалады.