«AQ JOL, YASAWI TÚLEGI – 2026» АТТЫ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАУ КЕШІ ӨТТІ
Университетімізде жылдағы дәстүріне айналған «Ақ жол, Ясауи түлегі - 2026» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерге салтанатты диплом табыстау кеші өтті.
Биыл оқу орда 32-рет түлектерін үлкен өмірге жолдады. 2025–2026 оқу жылында университетті жалпы саны – 2754 жас маман тәмамдады. Оның ішінде: бакалавриат бойынша – 1634, магистратура бойынша – 99, интернатура бойынша – 739, резидентура бойынша – 282 түлек білім алып шықты. Ал, Жаратылыстану ғылымдары факультеті бойынша бакалавриат деңгейінде ең көп түлек бітіріп, 321 жас маман қанат қақты.
Айтулы жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары, 2005 жылғы түлек – Ертай Алтаев, халықаралық деңгейдегі ІТ және қаржы технологиялары саласының маманы, ICONIC компаниясының бас директоры, 2008 жылғы түлек – Ясин Таха Джелилоғлу, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Амандық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Болат Қалмұрзаев, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, «Халықаралық туризм және меймандостық» университетінің ректоры міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев, түлегіміз, белгілі айтыскер ақын, «Алтын домбыра иегері» Бекарыс Шойбеков, Халық Банк Түркістан филиалының директоры Нұрбол Нұсқабеков, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен университеттің танымал түлектері қатысты.
Ал, биыл бітіруші белгілі түлектер қатарында: қазақ күресінен 3 дүркін Әлем чемпионы атанған Жұмажан Қожамбеков пен қазақ күресінен Азия чемпионы Асылжан Кәрім, жақында ғана әлеуметтік желі жұлдызына айналған Өнер, медиа және дизайн факультетінің өнерпазы Еңлік Садуақас бастаған бір топ түлек бар.
Салтанатты кешті ашып беру үшін, ең алдымен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің арнайы құттықтау бейнеролигі қойылды.
Келесі кезекте, сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін біз Түркістан төрінде, Ясауи университетінде бірнеше жыл бойы білім алып, армандарына қанат қаққан түлектерімізді үлкен өмірге шығарып салу үшін жиналып отырмыз. Бұл – қуаныш пен қимастық қатар өрілген ерекше сәт. Себебі, осы жылдар ішінде сіздер университетіміздің ажырамас бөлшегіне айналдыңыздар: білім алдыңыздар, ғылыммен айналыстыңыздар, мәдени-рухани іс-шараларға белсене қатысып, студенттік өмірдің жарқын белестерін бірге өткердіңіздер. Профессор-оқытушылар қауымы сіздерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында аянбай еңбек етті. Барлық жұмысымыздың түпкі мақсаты – Ясауи бабамыздың хикметтерін басшылыққа ала отырып, елге, түркі әлеміне және адамзатқа пайдасын тигізетін, жүрегі мейірімге толы, білімді азамат тәрбиелеу болды.
Енді сіздер қолдарыңызға Ясауи университетінің дипломын алып, қасиетті оқу ордамыздың түлегі атандыңыздар. Қай жерде жүрсеңіздер де, «Қай университетті тәмамдадың?» деген сұраққа мақтанышпен жауап беріп, өздеріңізге білім берген ұстаздарыңыздың абыройына лайықты істер атқарады деп сенеміз. Біз сіздерді әрдайым мақтан тұтамыз, сіздерге шын жүректен ақ жол, толағай табыс, баянды бақыт тілейміз!»,-деді.
«Бүгін мен үшін ерекше күн. Өйткені, бүгін, сіздердің алдарыңызға тек вице-ректор ретінде ғана емес, осы университеттің түлегі ретінде де сөз сөйлеп тұрмын. Мен де сіздер сияқты кезінде осы университетте білім алып, болашағым туралы армандадым. Осы аудиторияларда дәріс алдым.
Үлкен қуанышпен қатар ерекше толқу да бар. Себебі студенттік жылдарымда бір күні осы университеттің басшылық құрамында тұрып, сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеймін деп ешқашан ойламадым. Сондықтан өмір кейде адамға күтпеген мүмкіндіктер сыйлайды. Ең бастысы – сол мүмкіндікке дайын болу. Ол үшін әрдайым білім алуға ұмтылып, адал еңбек етіп, өз-өзіңізді дамытудан және армандарыңызға сенуден ешқашан бас тартпаңыздар. Бүгінгі диплом – жаңа өмірдің бастауы»,-деді вице-ректор Мустафа Гиритлиоглу.
Салтанатты рәсім барысында университеттің үздік және белсенді 250 студентіне диплом табысталды. Оның ішінде ректор Жанар Темірбекова мен Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу биылғы «Ең үздік» атанған 50 түлекке дипломдарын табыстап, құттықтады.
Сондай-ақ, 2005 жылғы түлек Ертай Алтаев пен 2008 жылғы түлек Ясин Таха Джелилоғлу бастаған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Амандық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Болат Қалмұрзаев, Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов пен вице-ректорлар бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом ұсынды.
Құттықтау тілегін арнаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев: «Қазір көзіме жас алып отырғандай ерекше бір сезімде тұрмын. Себебі, мен де осы оқу орданың түлегімін.Университетті тәмамдап жатқан кезде менің де көкейімде: «Алдағы өмірім қалай болады? Қандай белестерді бағындырамын?» деген үлкен сұрақтар болды. Бірақ дәл осы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде алған білімім, ұстаздарымның ақыл-кеңесі мені өмір жолында алға жетелеп, бүгін сіздердің алдарыңызда тұруыма себеп болды. Сол үшін өзімнің ұстаздарыма, университет ұжымына және басшылығына шынайы алғысымды білдіремін.
Сіздердің де бүгінгі көңіл күйлеріңіз дәл осындай деп ойлаймын. Бүгін алған білімдеріңіз, меңгерген кәсіби дағдыларыңыз бен өмірлік тәжірибелеріңіз ертеңгі жетістіктеріңіздің берік іргетасы болады. Мен кезінде осы университеттің ботаникалық бағында ағаш еккен студенттердің бірі болдым. Бүгін сол ағаштардың жайқалып өскенін көріп, әрбір еңбектің жемісі болатынына тағы бір мәрте көз жеткізіп тұрмын. Сол секілді сіздердің де бүгінгі еңбектеріңіз ертең үлкен жетістіктерге ұласады деп сенемін»,-деді.
Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Нұрлан Амандық «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» түлектерін құттықтады.
Кеш одан әрі қарай көңілді концерттік бағдарламамен жалғасты. Белсенді бітіруші түлектер сахна төрінде ән шырқап, биледі.
Айтулы кеште түлектерге тосын сый ретінде, құпия қонақ – ҚР эстрада жұлдызы Мархаба Саби болды. Белгілі әншінің өнеріне тәнті болған жастар қошемет көрсетті. Кеш соңы мерекелік көңіл күйге ұласып, түлектер жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды. Осылайша, «Ақ жол, Ясауи түлегі – 2026» салтанатты кеші өз мәресіне жетті.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Лингвистикалық орталығы мен Мәдениет орталығы конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ақпараттық технологиялар департаменті конкурс жариялайды
№1 Қыздар жатақханасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультеті оқытушы-профессорлар құрамына онкурс жариялайды
Қ.А,Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Яссы қонақ үйі конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ақпараттық технологиялар департаменті мен Мәдениет орталығы конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шаруашылық департаменті конкурс жариялайды
Қ.А,Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Заң факультетіне кафедра меңгерушілер мен оқытушы-профессорлар құрамына конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шаруашылық департаменті конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Яссы қонақ үйі конкурс жариялайды 