Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    «ЖҰПТАСҚАН ЖҮРЕКТЕР – ТҮЛЕКТЕР!» АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

    Оқу ордамызда Отбасы күніне орай Түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Жұптасқан жүректер – түлектер!» атты іс-шара өтті.

    Кештің басты мақсаты – университет пен түлектер арасындағы байланысты нығайту, жастарға отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген отбасы үлгісін насихаттау.

    Шараға студенттік жылдары университет қабырғасында танысып, шаңырақ көтерген түлектер қатысты.

    Жұптардың қатарында, Қазақ филологиясы кафедрасының 2020 жылғы түлектері, танымал «TARMAQTAR» жобасының авторлары, жас ақындар Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова болды. Қос түлек әдебиет пен поэзияны насихаттап, шығармашылық бағытта бірге еңбек етіп келеді. Кеш барысында олар студенттік шақтағы естеліктерімен бөлісіп, отбасы, шығармашылық және өзара түсіністік жайында әңгімеледі.

    Сонымен қатар, Вокалдық өнер мамандығының 2020 жылғы түлегі Қайнар Жанділла мен Педагогика және психология мамандығының 2021 жылғы түлегі Көркем Арысбек өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды.

    Жиын барысында университетіміздің алғашқы түлектері де студенттік жылдары осы білім ордасында басталған махаббат хикаяларын бөлісті. Бүгінде шаңырақ көтергендеріне 30 жылдан асқан түлектеріміз отбасындағы тәрбие мен құндылықтар туралы кеңестерін айтты.

    Сондай-ақ, университет басшылығы да сахна төріне шығып, өздерінің жүрек сырларын бөлісіп, көпшілікке отбасылық өмірлерінен естелік әңгімелерін баяндады.

    Ректор өкілі Пейами Баттал: «Өте мағыналы концерттік бағдарлама өтіп жатыр. Университетімізді тәмамдап, отбасын құрған достарымыздың, бауырларымыздың, студенттеріміздің барлығы бір жерге жиналып, отбасының мәнін, оның біздің мәдениетіміз бен сеніміміздегі орнын осындай мағыналы шара арқылы көрсетіп отыр.

    Отбасы – біздің мәдениетіміздегі өзекті құндылық. Яғни отбасы берік болса, қоғам да берік болады. Қоғам берік болса, мемлекет те берік әрі тұрақты болады. Ал осының нәтижесінде бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнайды.

    Біздің отбасылық құндылықтарымызды қалыптастырған – Қожа Ахмет Ясауи, Мәулана, Юнус Әмре секілді ұлы тұлғалардың философиясы. Сондықтан ұрпағымызды осы санамен тәрбиелей отырып, Қазақстанның, Түркияның және бүкіл әлемнің болашағын құру өз қолымызда. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға рақмет!», – деді.

    Келесі кезекте, Академиялық мәселелер вице-ректоры Элмира Идрисова: «Отбасы күні – барлығымыз үшін мереке, маңызды күн. Себебі «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Ата-анамыздан алған тәрбие біздің тұлға болып қалыптасуымызға негіз болады.

    Қай салада, қай жерде қызмет етсек те, отбасының орны бөлек. Мен де университеттің вице-ректоры болғаныммен, біреудің жарымын, біреудің анасымын, біреудің келінімін. Осы міндеттердің барлығын қатар алып жүруге тырысамыз. Сондықтан сіздерге айтарым – отбасыңызды қадірлеңіздер, бір-біріңізге тірек болыңыздар. Қадам-қадаммен бірге өсіп, бірге жетіліп, бір-біріңізге қолдау көрсетіңіздер. Сонда өмірлеріңіз де бақытқа толы болады»,–деді.

    Сондай-ақ, Әлеуметтік-мәдени және даму вице-ректоры Еділ Төлегенов қатысушыларға жылы лебізін білдіріп: «Осы оқу ордасына студент болып келгеніме биыл 30 жыл болыпты. Бакалаврды бітіріп, магистратураға түскен кезімде өзімнің өмірлік жарыммен таныстым. Екеумізде де осы университетте білім алдық. Әрине, ол да өмірімдегі қызық кезеңдердің бірі болды.

    Меніңше, отбасындағы ең басты құндылық – бір-бірін түсіну, сыйлау және қолдау. Себебі махаббаттың өзі ғана емес, өзара түсіністік пен жауапкершілік те отбасының беріктігін қалыптастырады. Сондықтан бүгінгі жастарға айтарым – отбасы құрғанда бір-біріңізді түсініп, сыйлап, бірге өмір сүруге ортақ мақсат қоя біліңіздер. Сонда ғана шаңырақтың берекесі де, бақыты да болады», – деді.

    Кеш соңында көрермендер жұптасқан түлектеріміздің өнері мен өнегелі әңгімелері үшін қошемет көрсетті.