Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН»: ОҚЫТУШЫМЫЗ ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛЫНАН МАРАПАТ АЛДЫ

    Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев университетіміздің «Орындаушылық өнер» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Алма Қожахметованы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

    Мемлекеттік награданы Президентіміз Ақордада өткен салтанатты рәсімде табыстады.

    Алма Қожахметова 53 жылдан өнер мен білім беру саласында еңбек етіп келеді. Ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алып, концерт және опера әншісі, оқытушы мамандығын меңгерген. Еңбек жолында жоғары оқу орындарында ұстаз қызметін атқарып, кафедра меңгерушісі болған.

    Ал 1996 жылдан бері университетімізде қызмет етіп, орындаушылық өнер саласында көптеген шәкірт тәрбиеледі. Оның түлектері бүгінде еліміздің өнер және мәдениет саласында жемісті еңбек етіп жүр. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, мәдениет қайраткерлері, опера әншілері, актерлер және халықаралық байқаулардың лауреаттары бар.

    Алма Шаймерденқызы жетекші болған білім алушылар республикалық пәндік олимпиадалар мен өнер байқауларында бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Ол халықаралық және республикалық әншілер байқауларында қазылар алқасының мүшесі болып, 45-ке жуық музыкалық-драмалық спектакльде музыкалық-вокалдық жетекші қызметін атқарды.

    Ғалым-ұстаз – әншілік өнер мен вокалдық білім беруге арналған бірқатар оқу және оқу-әдістемелік құралдардың, ғылыми еңбектердің авторы. Оның еңбектерінің қатарында «Ұлттық әуен негізінде құрылған вокализдер», «Әндік дауысты тәрбиелеу жолдарының әдістері», «Әншілік өнерге тәрбиелеу ерекшеліктері», «Қазақ әндерінің орфоэпиясы» және «Әншілік дауыс тәрбиесі» атты еңбектер бар.

    Марапат иесі көпжылдық еңбегіне құрмет көрсеткені үшін университет басшылығы мен әріптестеріне, сондай-ақ бірге еңбек етіп келе жатқан ұжымға алғысын жеткізді.

    Бұл мемлекеттік награда – Алма Қожахметованың өнер мен білім саласындағы көпжылдық еңбегіне, кәсіби шеберлігі мен шәкірт тәрбиелеудегі айрықша үлесіне берілген жоғары баға.

    Университет ұжымы атынан Алма Шаймерденқызын мәртебелі марапатымен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық табыс және толағай жетістіктер тілейміз!